Жыл басынан бері санавиация шетелден 15 қазақстандықты елге жеткізді

13 Тамыз 2019, 03:16
1366
Бөлісу:
Жыл басынан бері санавиация шетелден 15 қазақстандықты елге жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы 1513 ұшуды жүзеге асырды. Сондай-ақ, орталық қызметінің барлық кезеңінде 15498 ұшу орындалды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады. 

Біздің республикамыздың шалғай аудандарында тұратын халыққа уақытылы және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету мақсатында, пациенттің орналасқан жері бойынша медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан мұндай көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда ҰШМҮО санитариялық авиация нысанындағы күштері тартылады. Шұғыл медициналық көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайларда санитариялық авиация оған мұқтаж әрбір адамға оның орналасқан жеріне және маршрутының қиындығына қарамастан, әуе көлігін пайдалана отырып, барынша жылдам және сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған деп танылады.

Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ҰШМҮО мамандары 1855 пациентке медициналық көмек көрсетті, 2094 медициналық қызмет орындалды, оның ішінде: 1377 пациенттерді тасымалдау (65,8%), 290 консультация беру (13,8%) және 132 операция (6,3%) және 295 телемедициналық консультация беру (14,1%).  2019 жылдың басынан бері ҰШМҮО донорлық органдарды тасымалдау мақсатында 6 ұшу жүзеге асырылды.

Санитариялық авиация нысанында шұғыл медициналық көмек көрсетудің негізгі себептері: жарақаттар, жазатайым оқиғалар мен улану (22,9%), балалар жасындағы патология (22%), қан айналымы жүйесінің аурулары (20,4%), жаңа туған нәрестелердің патологиясы (14,1%), акушерлік-гинекологиялық патология (12,5%) және басқа аурулар (8,1%) болып табылады.

Санитариялық авиация күштерін тарту тек республика шегінде ғана жүзеге асырылмай, сондай-ақ шетелде ауыр жағдайда жатқан ҚР азаматтарын немесе оралмандарды халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру да жүзеге асырылады. 2019 жылдың 7 айында ҚР санитариялық авиациясы шетелдік клиникалардан отандық медициналық ұйымдарда емделуді жалғастыру үшін 15 ҚР азаматын тасымалдады.

Шетелдік медициналық ұйымдардан Отанына тасымалдау жағдайы жер үсті көлігімен немесе азаматтық авиацияның тұрақты рейстерінің әуе кемесінде тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін ауыр жағдайдағы және медициналық алып жүруді қажет ететін Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандар үшін жүзеге асырылады.

2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР санитариялық авиациясы Таяу және Алыс шетелдерден, атап айтқанда Тайланд, Түркия, Швейцария, АҚШ, Оңтүстік Корея, Египет, Қырғызстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және т.б. елдерден ҚР 74 азаматын тасымалдады.



Өзгелердің жаңалығы