Жыл басынан бері Қазақстанда өндірісте 476 адам ауыр жарақат алды

Өндірісте зардап шеккендер саны 24,5%-ға артты.

 Павлодар облысының ТЖД 12 Тамыз 2026, 14:23
12 Тамыз 2026, 14:23
162
Фото: Павлодар облысының ТЖД

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан кәсіпорындарында 727 жұмысшы зардап шекті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,5%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ауыр жарақат алған жұмысшылар санының да өскенін нақтылады. Егер 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 409 адам жарақаттанса, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 476-ға жетті. Өсім 16,4%-ды құрады. 

Еңбек министрлігі өндірістік жарақаттанудың негізгі себептері ретінде қауіпсіз жұмыстың нашар ұйымдастырылуын, талаптардың сақталуын жеткіліксіз бақылауды, ақауы бар жабдықтарды пайдалануды және қауіпті жұмыстарды орындау кезіндегі ереже бұзушылықтарды атады.

Сондай-ақ жазатайым оқиғаларға қызметкерлерге нұсқама беру мен оқытуға формалды қарау, жеке қорғаныс құралдарының болмауы немесе қолданылмауы, сондай-ақ жұмыс орындарының жай-күйін жеткіліксіз бақылау себеп болған.

Осы статистика аясында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті бүкіл ел бойынша 500 мыңнан астам жұмыс берушіге еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті күшейту жөнінде ұсыныстар жіберді. Ведомство компанияларды оқиға орын алғаннан кейін әрекет етпей, жұмыс орындарындағы тәуекелдерді алдын ала анықтауға шақырды.

Жұмыс берушілерге еңбек қатынастарын ресми түрде рәсімдеу, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, жүйелі түрде оқыту мен нұсқамалар өткізу, міндетті медициналық тексерулерді ұйымдастыру және жұмысшыларды жарамды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету ұсынылды. Бұдан бөлек, компаниялар кәсіби тәуекелдерді бағалап, жабдықтар мен жұмыс орындарының жай-күйін бақылауда ұстауы тиіс.

Министрлік жазатайым оқиға орын алған жағдайда жұмыс беруші зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетіп, оқиға туралы тәулік ішінде мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесіне хабарлауы қажет екенін еске салды.

«Басты міндет – жазатайым оқиғаның салдарын жою емес, оған жол бермеу. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жұмыс беруші күн сайын және әрбір жұмыс орнында қамтамасыз етуге тиіс», - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» кәсіпорнының аумағында болған қайғылы оқиға туралы жаздық.

Онда кәріз құдығында 6 адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түскені хабарланды.

Полиция бұл іс бойынша үш күдіктінің ұсталғанын айтты.

Наверх