Жыл басынан бері елде адам саудасына қатысты 76 қылмыс тіркелді

7 Қараша 2022, 12:37
1399
Бөлісу:
Жыл басынан бері елде адам саудасына қатысты 76 қылмыс тіркелді

Бұл туралы ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы күресте тиісті жұмысты жүйелі түрде жүргізеді. 

Жыл басынан бері адам саудасымен байланысты 76 қылмыс тіркелді. Оның ішінде: жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – бесеу; кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін – тоғыз; кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – жеті; адам саудасы үшін – он төрт; притон ұйымдастырғаны үшін – қырық бір іс бар, - деп атап өтті департамент басшысы. 

Сонымен қатар ол Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топтың анықталғанын айтты. 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері 11 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі. Олар ұзақ уақыттан бері Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында жыныстық пайдалану мақсатында қыздарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сатумен айналысқан. Тексеру барысында жас қыздарды еліміздің түрлі қалаларынан «ВКонтакте» әлеуметтік желісі және таныстары арқылы арбап, жоғары жалақы төленетін жұмысқа орналастыруға уәде еткен. Одан соң сенімге кіріп, алдау арқылы құжаттарын тартып алып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Кейін қаладағы жалға алған пәтерлерде, сауналар мен қонақүйлерде сатып, түскен табысты өздеріне алып отырған. Бағынбаған жағдайда күш қолданып, ойдан шығарылған айыппұлдар тағып, бопсалап, есірткі қолдануға итермелеген, - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Аталған дерек бойынша ұйымдасқан топ құру және оны басқару, оған қатысу, адам саудасы, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту, притон ұстау және жеңгетайлық баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. 

Өзгелердің жаңалығы