Елордада «Жаңа саяси дәуір: ашықтық, әділдік және өзара сенім» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚҚДИ сарапшысы Олжас Бейсенбаевтың айтуынша, сайлауды алдын ала, Жарлыққа қол қойғанға дейін бір ай бұрын жариялауы, Мемлекет басшысы билік тек қоғамдық саясатты ғана емес, сонымен бірге «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыратынын көрсетті.
Біз мұны билік пен қоғамды жақындастыруға бағытталған тағы бір қадам ретінде қабылдаймыз. Осы арқылы өзара сенімді қарым-қатынас қалыптасады. Жыл басынан бері билік экономиканың әр саласында олигополия, әлеуметтік теңсіздік орнағанын да ашық айтып келеді. Сонымен қоса ашық айтылып қана қоймай, оны талқылаудың қоғамдық кеңес, Ұлттық Құрылтай түріндегі механизмдері ұсынылып, Президент Жолдауында бірқатар өзекті мәселелердің шешу жолдары көрініс тапты. Биылғы жаз айларында ҚҚДИ өткізген эксперттік сауалнамада мамандар әлеуметтік-экономикалық блоктың қоғамдық дискурста өзекті екенін ескерген еді, - деді саясаттанушы.
Сонымен қатар Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Президенттік сайлау туралы сөз қозғады.
23 қыркүйекте Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды. Республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың кандидаттар ұсынуға және олардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге әлі де уақыты жеткілікті, - деді спикер.
Соныман бірге елімізде саяси реформаларды кезең-кезеңімен іске асыратын прагматикалық жолдың негізі қаланғандығын және осы жолда бастысы – мемлекеттілікті күшейтіп, тәуелсіздігімізді нығайтып, геосаяси күрделі кезеңде елімізді жаңа саяси, экономикалық, әлеуметтік даму сатысына көтеру екендігін атап өтті.