Жыл басынан бері Астанаға 250 мыңнан астам адам көшіп келген

Астана, Алматы және Шымкентке халық қай өңірлерден көп көшіп жатыр?

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 18 Қараша 2026, 12:15
18 Қараша 2026, 12:15
93
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда ішкі көші-қон қарқыны бәсеңдегенімен, ірі қалаларға қоныс аударатындар саны әлі де жоғары. Биылғы тоғыз айда Астананың көші-қон есебінен көбейген тұрғындар саны Алматы мен Шымкенттің жиынтық көрсеткішінен асып түсті. Елордаға қай өңірлерден халық көп келеді және тұрғындар қай облыстардан жиі көшіп жатыр? Толығырақ  BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Тоғыз айда 1,4 миллион адам қоныс аударған

Finprom.kz деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 1,4 миллион адам ел ішінде тұрғылықты жерін ауыстырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға көп. Былтыр тоғыз айда 1,3 миллион адам қоныс аударған болатын. Кейінгі он жылда ел ішіндегі көші-қон көлемі үш еседен астам өсті. Мәселен, 2016 жылдың тоғыз айында 386,1 мың адам тұрғылықты жерін ауыстырса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 825,9 мың адамға жеткен.

Ал 2020-2022 жылдары көшіп-қонушылар саны 580-590 мың адам шамасында болған. 2023 жылдан бастап ішкі көші-қон қайта жанданып, 2024 жылы өсім 47,4 пайызға жетті. Алайда 2025 жылы өсім қарқыны 22,8 пайызға дейін төмендесе, биыл 5,8 пайызды құрады. Яғни ел ішінде қоныс аударатындар саны көбейгенімен, оның өсу қарқыны екінші жыл қатарынан баяулап келеді.

Қалаға көшетіндер көп пе, ауылға ма?

Биылғы тоғыз айда қалаларға 983,1 мың адам қоныс аударған. Бұл өткен жылғы 939,4 мың адаммен салыстырғанда 43,7 мыңға көп. Дегенмен осы кезеңде қалалардан көшіп кеткендер саны да артқан. 2025 жылы 834 мың адам қаладан кетсе, биыл олардың саны 896,3 мыңға жетті.

Ауылдық жерлерде де көші-қон қозғалысы күшейген. Ауылдарға қоныс аударғандар саны 387,4 мыңнан 421,1 мың адамға дейін өсті. Ал ауылдан көшіп кеткендер 492,8 мыңнан 507,9 мың адамға көбейді. Нәтижесінде биылғы тоғыз айда ішкі көші-қон есебінен қала халқы 86,8 мың адамға артса, ауыл халқы дәл осынша адамға азайған. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылдың сәйкес кезеңінде қалалардағы көші-қон өсімі 105,4 мың адам болған. Демек, қалаға қоныстанушылар саны әлі де басым болғанымен, халықтың ауылдан қалаға қарай таза көші-қон ағыны біршама бәсеңдеген.

Астана Алматы мен Шымкенттен озып тұр

Ел өңірлерінің арасында ішкі көші-қонның ең жоғары оң сальдосы Астанада тіркелді. 2026 жылдың тоғыз айында елордаға 257,3 мың адам қоныс аударса, 205,3 мың адам қаладан көшіп кеткен. Соның нәтижесінде Астана халқы ішкі көші-қон есебінен 52 мың адамға көбейді.Бұл Алматы мен Шымкенттің жиынтық көрсеткішінен де жоғары. Алматыға осы кезеңде 225,4 мың адам көшіп келіп, 196,4 мың адам қаладан кеткен. Нәтижесінде оң көші-қон сальдосы 29 мың адамға жетті. 

Шымкентте де халық саны ішкі көші-қон есебінен өскен. Қалаға 118,8 мың адам келсе, 107,6 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Көші-қон өсімі шамамен 11,1 мың адам болды. Осылайша, үш мегаполистің ішінде көші-қон есебінен халық саны ең көп артқан қала – Астана.

Оң көші-қон сальдосы Алматы және Ақмола облыстарында да байқалды.

Алматы облысына 151,4 мың адам қоныс аударған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Астана мен Алматыдан кейінгі орында тұр. Облыстан 143,1 мың адам көшіп кетіп, көші-қон өсімі 8,3 мың адамды құрады.

Ақмола облысына 53,5 мың адам келіп, 48 мың адам көшіп кеткен. Нәтижесінде облыс халқы ішкі көші-қон есебінен 5,5 мың адамға артқан.

Халық ең көп қай облыстардан көшіп жатыр?

Елдің қалған өңірлерінде көшіп кеткен тұрғындар саны қоныс аударып келгендерден көп болған. Ең жоғары теріс көші-қон сальдосы Түркістан облысында тіркелді. Биыл тоғыз айда өңірге 111,1 мың адам келсе, 143,2 мың адам көшіп кеткен. Яғни облыс халқы ішкі көші-қон салдарынан 32,1 мың адамға азайды.

Бұл Жамбыл облысындағы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары. Жамбыл облысына 48,7 мың адам қоныс аударып, 64,2 мың адам көшіп кеткен. Көші-қон айырмасы минус 15,5 мың адам болды.

Қызылорда мен Жетісу облыстарында да тұрғындардың басқа өңірлерге қоныс аударуы басым. Екі облыста да ішкі көші-қон есебінен халық саны шамамен 9,4 мың адамға қысқарған.

Қызылорда облысынан 43,7 мың адам кетіп, 34,2 мың адам келген. Жетісу облысында бұл көрсеткіш тиісінше 45,3 мың және 35,9 мың адамды құрады. Абай облысында 32 мың адам көшіп кетіп, 24,9 мың адам қоныстанған. Нәтижесінде облыстың көші-қон шығыны 7,1 мың адамға жетті. Ал ішкі көші-қон сальдосы теріс болған өзге облыстарда халық санының азаюы 2,3 мыңнан 4,1 мың адамға дейінгі аралықта тіркелген.

Астанаға кімдер, Алматыға кімдер көп көшеді?

Статистика үш мегаполиске қоныс аударатындардың басым бөлігі көршілес өңірлерден келетінін көрсетеді.

Астанаға ең көп адам Ақмола облысынан көшкен. Биыл тоғыз айда бұл өңірден елордаға 22,8 мың адам қоныс аударған. Екінші орында Түркістан облысы тұр. Одан Астанаға 15,2 мың адам келген. Ал Алматыдан елордаға 13,4 мың адам көшкен.

Алматыға ең көп қоныс аударғандар – Алматы облысының тұрғындары. Тоғыз айда облыстан мегаполиске 55,9 мың адам көшіп барған. Одан кейін Жамбыл облысы тұр. Бұл өңірден Алматыға 12,9 мың адам келген. Астанадан оңтүстік мегаполиске қоныс аударғандар саны 11,1 мың адамды құрады.

Шымкентке қоныс аударушылардың басым бөлігі Түркістан облысынан келген. Көршілес өңірден қалаға 44,9 мың адам көшкен. Сондай-ақ Астанадан 7 мың, Алматыдан 4,3 мың адам Шымкентке қоныс аударған.

Қызылорда мен Жетісу тұрғындары қайда көшеді?

Көші-қон шығыны жоғары облыстардың тұрғындары бір ғана қалаға емес, еліміздің бірнеше өңіріне қоныс аударып жатыр. Мәселен, Түркістан облысынан Алматыға 10,4 мың адам көшкен. Ал Жамбыл облысынан Астанаға 9,7 мың адам қоныс аударған. Қызылорда облысының тұрғындары арасында елордаға көшу басым. Биыл тоғыз айда өңірден Астанаға 8 мың адам қоныс аударған. Бұл Алматыға көшкендер санынан екі есе көп. Оңтүстік мегаполиске Қызылорда облысынан 4 мың адам барған.

Жетісу облысының тұрғындары көбіне Алматы қаласы мен Алматы облысын таңдаған. Атап айтқанда, Алматыға 10,2 мың адам, ал көршілес Алматы облысына 8,3 мың адам көшіп барған. Жалпы, статистика Астана, Алматы және Шымкенттің ел ішіндегі көші-қонның негізгі бағыттары болып отырғанын көрсетеді. Үш мегаполиске де ең көп тұрғын көршілес облыстардан келгенімен, олардың ықпалы өзге өңірлерге де таралып отыр.

Сонымен қатар тұрғындардың көшу бағыттары әртүрлі. Мәселен, Қызылорда облысының халқы арасында Астанаға қоныс аудару басым болса, Жетісу облысының тұрғындары көбіне Алматы мен оған іргелес аудандарды таңдайды. Осылайша, ішкі көші-қон көрсеткіштері Қазақстанда халықтың ірі қалаларға шоғырлану үрдісі жалғасып жатқанын аңғартады. Алайда мегаполистерге көшетіндер санының өсуімен қатар, олардан басқа өңірлерге қоныс аударатын тұрғындар саны да артып келеді.

 

Наверх