Жыл басынан бері 64 келі есірткі заттары тәркіленді

16 Шілде 2020, 18:40
1351
Бөлісу:
Жыл басынан бері 64 келі есірткі заттары тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінде департамент бастығы, полиция полковнигі Оңал Бекеевтің төрағалық етуімен селекторлық режимде жедел кеңес өткізіліп, ведомствоның 2020 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы талқыланды.

Онда департаменттің басым міндеттері, оның ішінде еліміздің темір жол және әуе көлігі объектілеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.        

Департаменттің қызмет көрсету учаскесінде биылғы І-жартыжылдықта 796 қылмыстық құқық бұзушылық пен теріс қылық тіркелді. Құқық бұзушылықтың жалпы ашылуы 79,4% құрады, – деді ведомство басшысы. 

Бекеевтің айтуынша, жыл басынан бері қылмысқа қарсы жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде қылмыс саны 35,2%-ға, оның ішінде орташа ауырлықтағы қылмыстар 48,2%-ға, ұрлық 49,9%-ға, бұзақылық 25%-ға және алаяқтық 20,8% төмендеген.

Сондай-ақ, еліміздің әкімшілік заңнамасын бұзған 21 117 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, есірткіні заңсыз тарату фактілерін анықтау және оның жолын кесуге бағытталған шаралар іске асырылды. Департамент және оның аумақтық бөліністерінің күшімен есірткі құралдарының заңсыз айналымының 227 фактісі анықталды, оның ішінде 11-і - есірткі сақтау фактісі. Заңсыз айналымнан 64 келіге жуық түрлі есірткі заттары тәркіленді, – деп атап көрсетті полиция полковнигі.

Кеңес барысында кадр саясатын және қызметтік-жауынгерлік дайындық деңгейін жетілдіру мәселелері де жан-жақты айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, жеке құрам қызметкерлері арасында қызметтік этика нормаларын сақтауға ерекше назар аударылды.

Бұдан соң, бірқатар желілік бөліністің басшыларының есептері тыңдалды.

Кеңес қорытындысы бойынша Көліктегі ПД жедел-қызметтік жұмысын жетілдіруге және қызмет көрсету учаскелердегі қылмыстылық деңгейін одан әрі төмендетуге бағытталған бірқатар шешім қабылданды.

 


Өзгелердің жаңалығы