Жыл соңына дейін 700-ге жуық ауыл жылдам интернетпен қамтылады – министрлік

26 Тамыз 2019, 17:30
1764
Бөлісу:
Жыл соңына дейін 700-ге жуық ауыл жылдам интернетпен қамтылады – министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі күні 250-ден астам мектеп пен 200-ге жуық аурухана жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Бұл үшін 3 мың километр талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізілді.

Осылайша, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола  және Түркістан облыстарының шалғайында орналасқан  200-ден астам  ауылдық елдімекенге сапалы Интернет жеткізілді.

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан "ҚР ауылдық елдімекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету" жобасы аясында жыл соңына дейін 685 ауылда орналасқан 2000-нан астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланған.

«Бұл жоба біз үшін өте маңызды, себебі азаматтарды сапалы Интернетпен қамтамасыз еткен соң, цифрландырудың жоғары деңгейі туралы айтуға болады. Бұл жоба ауыл оқушыларына түрлі бағдарламалар бойынша онлайн режимінде  білімін жетілдіруге, дәрігерлерге телемедицина элементтерін өз тәжірбелерінде қолдануына мүмкіндік берсе, азаматтар «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйлерінде отырып алатын болады және басқа да көптеген мүмкіндіктерге  ие болады", - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

2018 жылдың қазан айында "Қазақтелеком" АҚ және "Транстелеком" АҚ және "SilkNetCom" ЖШС құрамындағы консорциум өкілдері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігімен "Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету" жобасы бойынша мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартына қол қойғанын айтып өткен жөн. Желілердің жалпы ұзындығы 20 мыңнан астам км-ды құрайды, жобаны іске асыру нәтижесінде 1250 ауылда 3 718 мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарға (ауруханалар, мектептер, авариялық қызметтер, жергілікті атқарушы органдар, қорғаныс объектілері және құқық қорғау органдары) жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікпен қамтылады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 56 АЕМ-де орналасқан 177 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарға байланыс қызметтері ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы