Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жүз жылдық газеттер жойылып кетуі мүмкін: Өңірлік баспасөз архивін сақтау неге маңызды?

Бүгiн, 10:10
171
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасында медиа нарықтың трансформациялануы және өңірлердегі баспа басылымдарының жабылу үдерісі жағдайында өңірлік және аудандық газеттердің архивтік материалдарын сақтау мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Қазақстандық контенттің маңызды бөлігін құрайтын бұл басылымдардың бірқатарының тарихы жүз жылдан асады және олардың архивтері елдің тарихи, әлеуметтік және мәдени жадының бірегей дереккөзі болып табылады. Премьер-министр Олжас Бектеновке Парламент Сенатының депутаты Жексенбай Бибігүл өңірлік және аудандық баспасөздік мұрағатын сақтау мәселелері жөнінде сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатор депутаттық сауалында өңірлік баспасөзге қауіп төнгенін айтты.

Біртұтас цифрлық аудандық баспасөз архивін құру мүмкіндігін қарастыру, архивтерді цифрландыруға, жабылған редакциялардың қорларын мемлекеттік архивтерге қабылдауға және бірыңғай іздеу жүйесі мен электрондық базаны құруға, қаржыландыру көздерін айқындау және қамтамасыз ету керек, - деді депутат.

Өңірлік және аудандық газеттер – жергілікті қоғам өмірінің айнасы, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, мәдени және рухани процестердің тікелей жазба куәгері. Олар аймақ тарихының жүйелі түрде тіркелген жылнамасы. Алайда соңғы жылдары өңірлік баспасөзді сақтау, архивтеу және цифрландыру мәселесі жүйелі институционалдық тетікке ие болмай отыр. Бір жағынан, газет оқитын аудиторияның қысқаруы мен баспа нарығының құлдырауы байқалса, екінші жағынан, бұрын жарық көрген мыңдаған нөмірдің сақталуы, архивке өткізілуі және цифрлық форматқа көшіруі нақты мемлекеттік саясатпен қамтылмаған. Жүйелі тәсіл болмаған жағдайда архивтік материалдардың жойылып кетуі немесе қоғам мен болашақ ұрпақ үшін қолжетімсіз болып қалу қаупі бар. 

Мәселен, газеттердің цифрландыру жүйесі жайлы Солтүстік Қазақстан облысының газетінің редакторы Ербақыт Амантайұлы да сөз қозғады.

Бізде әрбір газеттің нөмерін пошта арқылы төрт жерге жібереміз. Бірінші – министрлікке, екінші – Кітап палатасына, үшіншісі – Ұлттық кітапханаға, төртіншісі – жергілікті архивке тапсырамыз. Газеттерді цифрландыру газет жұмысын жеңілдетуі керек. Газеттің PDF нұсқасын сақтау мәселесі күрделі. Қағаз нұсқасын дәл сол формада компьютерге саламыз. Дегенмен, сайт архив секілді емес, оның сыйымдылығы шектеулі. Ол толып қалса, бұрынғы сақталған сандарын өшіруге тура келеді. Берілген хостинг толса, сайт жұмыс істемей қалады. Оны ұстап тұруға қаржылық қиындықтар мүмкіндік бермейді, – дейді ол.

Бұл мәселе тек баспасөз саласының емес, ұлттық мәдени мұраны сақтау жүйесінің стратегиялық проблемасы. Сондай-ақ, «Қостанай таңы» газеті редакторының орынбасары Аслан Қанғожиннің айтуынша, аудандық және облыстық баспасөз мұрағатын сақтауда ең үлкен қиындық – қаржы мен материалдық-техникалық базаның әлсіздігі. Көп редакцияларда арнайы мұрағат бөлмесі жоқ, газеттер дұрыс сақталмай тозып барады. Мұрағатты цифрландыру баяу жүріп жатыр, ал кәсіби маман тапшылығы бұл істі жүйелеуге кедергі келтіреді.

Соңғы онжылдықта баспасөзді тұтыну құрылымы түбегейлі өзгерді. Ақпараттың негізгі көзі ретінде әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар алға шықты. Халықаралық зерттеулер мен отандық медианарықтағы үрдістер дәстүрлі газет оқырмандарының үлесі тұрақты түрде азайып келе жатқанын көрсетеді. Дамыған елдерде жергілікті және өңірлік газеттер мемлекеттік деңгейде мәдени мұра ретінде қорғалады және цифрландырудың ұлттық бағдарламаларына енгізілген. Атап айтар болсақ, АҚШ-та 2007 жылдан бері Chronicling America ұлттық бағдарламасы іске асырылып келеді. Жоба Конгресс кітапханасы мен Ұлттық гуманитарлық қордың қолдауымен жүзеге асады және барлық штаттағы жергілікті газеттерді цифрландырып, ашық онлайн платформада ұсынады. Бұл бағдарлама аясында миллиондаған газет беті OCR арқылы мәтінге айналдырылып, іздеу жүйесіне енгізілген. 2012 жылға қарай Chronicling America сайтында 32 штаттан алынған 801 атаудағы 5,2 миллионнан астам газет беті орналастырылды. Бастапқыда жоба 1900–1910 жылдар аралығындағы газеттерді қамтуды көздегенімен, кейінірек 1836–1922 жылдар аралығындағы басылымдарды да енгізе бастады. 2020 жылғы дерек бойынша 16,3 миллион бет цифрланған. Францияда Ұлттық кітапхана іске асырған Gallica платформасында XIX ғасырдан бергі аймақтық газеттер толық цифрланған және ғылыми айналымға енгізілген. Ұлыбританияда British Newspaper Archive жобасы арқылы 1700 жылдан бергі өңірлік басылымдар сақталып, цифрлық форматта ұсынылады. Бұл тәжірибелер өңірлік баспасөзді сақтау мен цифрландыруды мемлекеттік мәдени саясаттың ажырамас бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді.

Қазіргі таңда өңірлік газеттерді сақтау саласында мынадай жүйелік проблемалар қалыптасқан. Өңірлік баспасөздің бірыңғай ұлттық реестр жүйесі болмауы, Көптеген редакциялар тігіндіні архивке толық көлемде тапсырмайды немесе олардың сақталу сапасы бақылауға алынбайды. Сол себепті цифрландырудың орталықтандырылған бағдарламасы жоқ, өңірлік газеттер ұлттық цифрландыру жобаларының басымдық тізіміне кірмейді. Аудандық редакцияларда кәсіби сканерлер, сақтау серверлері, OCR бағдарламалары жоқ және газеттерді міндетті түрде цифрлық форматта ұлттық қорға тапсыру тетігі заңнамалық тұрғыда бекітілмеген. Бұл мәселелер өңірлік баспасөзді бірізділендіруге бөгет болып келеді.

Мәселенің мәнін түйіндей келе, өңірлік және аудандық баспасөзді сақтау мен цифрландыру бірыңғай түгендеу, архивтік стандарттар, ұлттық цифрлық платформа және өңірлік цифрландыру орталықтары арқылы жүйелі инфрақұрылым қалыптасса, ал заңнамалық бекіту бұл жұмысты тұрақты мемлекеттік міндет деңгейіне көтерсе, өңірлік БАҚ мұрасы жоғалмай, елдің ғылыми, білім беру және қоғамдық дамуына қызмет ететін тірі дерекқорға айналады.

Жауынбай Жылқыбайұлы,

«Қазақстан тарихы» порталы

Өзгелердің жаңалығы