Жуырда «Ұстаздың оралуы» деректі фильмі жарыққа шығады

30 Қаңтар 2021, 06:36
1604
Бөлісу:
Жуырда «Ұстаздың оралуы» деректі фильмі жарыққа шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында «Хабар» телеарнасында «Ұстаздың оралуы» деректі фильмі көрерменге жол тартады. Картина шығыстың ғұлама ойшылы, философ ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиді терең түсініп, оның адамзатқа қалдырған ақыл-ойын тануға үндейді. 

Әбу Насыр әл-Фараби ілімі әлемдік ғылымның діңгегі екеніне дау жоқ. Ғасырлар өтсе де маңызын жоймайтын, сарқылмайтын рухани қазынаның жарыққа шығуына кедергілер болғаны жасырын емес. Соған қарамастан, ұлы ұстаздың туған топырағына оралуына Мұстафа Шоқай, Ақжан Машани, Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев, Шахмардан Есенов сияқты тұлғалар үлес қосты. 

Деректі фильм сол бастаманың заңды жалғасы. Үлкен ізденіс жұмыс жүргізіп, дәлелдеп, қайтарғанына мың шүкір дейміз. Қазіргі заманда ұлы бабамыздың екінші өмірі басталды. Сол екінші өмірді үлкен бір ғылыми деңгейге көтеру үшін үлкен үлес қосып жатқан біздің ұлттық университетіміз, соның ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, одан кейін осы фильмге тікелей көмектескен әл-Фараби қоры, соның төрағасы Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев. Үлкен еңбек жасадық, – дейді режиссер, сценарий авторы Сергей Азимов. 
Картина отандық ғалымдардың ізденістерімен шектелмеген. Шығармашылық топ Мысыр, Сирия, Түркия, Ресей елдерінде болып, әл-Фарабиді зерттеп жүрген ғалымдардың құнды пікірлерін фильмге өзек еткен. Мәселен, түрік ғалымдары «ұлы ойшылдың Шам қаласында қазақтың дәстүрлі киімімен жүргенін растайтын дерек бар», дейді. Фильмде әл-Фараби мен Абайдың рухани бірлігі дәйекті түрде баяндалады. 
Біз фильмде мына Абай мен әл-Фарабидің тұтастығы, солардың рухани, ғылыми жақындығын дәлелдеп көрсетіп жатырмыз. Сол себептен осындай құнды нәрселер тек ақшамен саналмайды. Ол болашаққа керек, біз қазақ екенімізді, осы біздің бабаларымызбен шынайы мақтану үшін біз олардың терең білуіміз керек, – дейді Сергей Азимов. 



Өзгелердің жаңалығы