Қазақстанда мемлекеттік қызметтер көрсету саласында сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін ресімдеу кезінде заңсыз сыйақы алу және қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану деректері тіркелген.
Атап айтқанда, Астанада Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының бұрынғы орынбасары азаматтарға жүргізуші куәлігін алуға көмектесу үшін жүйелі түрде пара алғаны үшін әшкереленді. Тергеу барысында жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам эпизод құжатталған.
Сонымен қатар Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО мен Екібастұздағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалдарының басшыларының заңсыз әрекеттері анықталды. Олар жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырып, осы қызмет үшін ақша алған.
Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және заңсыз баю фактілері әшкереленген.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.