Жүргізуші куәлігі 2 жылдық сынақтан кейін берілуі мүмкін

5 Сәуір 2023, 12:30
1342
Бөлісу:
Жүргізуші куәлігі 2 жылдық сынақтан кейін берілуі мүмкін
Фото: Sputnik.kz

ІІМ жолдағы қауіпсіздік шараларын талқылады. Кеңесте Финляндияның тәжірибесі қарастырды. Бұл елдің тәжірибесінде жүргізуші куәлігі 2 жылдық сынақ мерзімінен және бірқатар емтихандардан өткеннен кейін беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

ІІМ-де қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасында қаралған жол-көлік оқиғалары салдарының зардабын төмендету стратегиясының тетіктері қаралды. Пікіртасласқа қатысушылар мемлекеттік органдар, “Қазавтожол” АҚ, “Атамекен” ҰКП және Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ҒЗИ өкілдері жолдарда “нөлдік өлім-жітім” қағидатын іске асыру және жол-көлік оқғаларының негізгі себептеріне ықпалын тигізетін шешімдерді талқылады. 

Жол-көлік оқиғасында жарақат мәселесі сан қырлы және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібіне байланысты екені атап өтілді. Сондықтан азаматтық сектор әлемнің 60 елін қамтитын ESRA (E-Survey of road Users’ Attitudes) халықаралық әлеуметтік сұрақтар бағдарламасы негізінде қауіпсіз қозғалыс зерттеулерін жүргізуге бастамашылық жасайды, бұл жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясатын түзетуге мүмкіндік береді. 

Мысалы, Жезқазған қаласындағы пилоттық жоба шеңберінде жүргізілген сауалнама өңірде жылдамдықты асыру шегі әлемдік деңгейден 2,6 есе жоғары, бекітілмеген белдікпен жүргізу қаупі 8,5%-ға жоғары екендігі анықталды. 

Сондай-ақ ұялы телефондарды пайдалану және жаяу жүргіншілердің қауіпті әрекеттерінің деңгейі де жоғары. 

Кездесуде қала сыртындағы және түзу жол учаскелерінде “орташа жылдамдық” ұғымын енгізу бойынша бастамалар қолдау тапты.

Сол үшін тұжырымдамада цифрлық шешімдерді дамыту – жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу жүйелерін және осындай бұзушылықтарды анықтайтын арнайы аппараттық-бағдарламалық кешендерді кеңінен енгізу қарастырылған. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе негізінде автожолдарды жобалау мен реконструкциялау тәсілдерін өзгерту жоспарланған. Осы мақсатқа сай аналитиканы енгізу және “Vision Zero” сияқты арнайы бағдарламалық жасақтаманы қолдану көзделіп отыр. 

Сонымен қатар “ҚазАвтоЖол” АҚ өкілдері әлемнің 18 елінде жүзеге асырылып жатқан мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі халықаралық бағдарламасының “Star Rating for Schools” жобасын сынақтан өткізуді ұсынды. Бұл жоба мектептер жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігінің кешенді жүйесін педагогтар мен оқушылардың өздерін белсенді тарта отырып құруды көздейді.

Тұжырымдамаға ТЖМ-мен бірлесіп қала сыртындағы трассаларда жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету жөніндегі шаралар енгізілген. 

Сондай-ақ кеңеске қатысушылар Финляндияның тәжірибесін де қарастырды. Бұл елдің тәжірибесінде жүргізуші куәлігі 2 жылдық сынақ мерзімінен және бірқатар емтихандардан өткеннен кейін беріледі. Қазір елімізде осындай тәжірибені енгізу дұрыстығы мен мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітімді азайту жөніндегі осы және басқа да шаралар Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделетін болады, - делінген ведомство хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы