Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында Астанада 1,8 жастағы баланы көлік қағып кеткен оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Жүргізуші қамауда емес.
Бұл іс бақылауда. Ең бастысы – автотехникалық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізушіге қатысты нақты шешім қабылданады, – деді Әділов.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 3 мамырында Иманов көшесі мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің ауласында «Kia Seltos» маркалы автокөліктің жүргізушісі көлікпен қозғалып келе жатып, жолға жүгіріп шыққан кішкентай бүлдіршінді қағып кеткен. Салдарынан бүлдіршін қайтыс болды.