2023 жыл — Түркі елдеріндегі Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланғаны белгілі. Себебі биыл «Темір нарком» атанған мемлекет және қоғам қайраткерінің туғанына 125 жыл толып отыр. Биыл Темірбек Жүргенов туған Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бұл атаулы датаға орай көптеген іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбедегі тілшісі.
Осы орайда Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Сарина бізге ұлы қайраткер туралы әңгімелеп берген еді. Әлқисса...
— Алдымен қайраткердің балалық шағы, оқудағы жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз.
— Ырғыз өңірінде дүниеге келген көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына биыл 125 жыл толады. Әрине, Темірбек сияқты ұйымдастырғыш, білімді азаматтың тууы мен қалыптасуы текті, тәрбиелі ортадан шыққандығынан деп бағалауға болады. Ол жастайынан-ақ орыс, қазақ, шығыс мәдениеттері рухында үлгі-өнеге алып өсті. Әкесі Қара өз заманында пысық, алғыр, ел ұстаған, ауқатты адамы болыпты. Темірбек те осы бағытта тәрбие алған. Білімге құштар жас Темірбек белгілі ағартушы ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтің дәрісін тыңдаған. Аламесек орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (Қызылорда) орыс-қазақ училищесінде, Уфадағы жер өлшеу училищесінде, Орынбор рабфагінде, Орта Азия университетінде білімін толықтырып, одан әрі оқуын тәжірибесімен ұштастырып, халық арасындағы көкейге тоқығанын жетілдіре білген талапты азамат болып қалыптасады.
Халқымызға танымал тұлға Темірбек Жүргенов туралы жазылған шығармалар баршылық. Есімі елге танылған азамат туралы соңғы жылдары жарық көрген құнды еңбектер қатарында 2014 жылы Астана қаласынан белгілі ғалым Мардан Байділдаевтің жеке архиві негізінде Алмас Алматов пен Бекарыстан Мырзабай құрастырып шығарған «Темірбек Жүргенов» атты кітапты атап айтуға болады. Көрнекті қайраткер жайында республикамызға танымал зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабай, ырғыздық белгілі өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Мырзалы және басқалары кітап шығарып, баспасөз беттерінде бірқатар мақалалар жариялады.
1922 жылы Орынбор рабфагін бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түскен Темірбек жас кезінен-ақ жауапты қызметтер атқаруға бейімделеді. Оқи жүріп, Қазақ АССР-ның Түркістан Республикасындағы өкілі болып істеп, 1924 жылы Түркістан Республикасы тарағанда Ұлттық республикаларды құру ісіне араласқан. Соңғы курста жүріп жаңадан ашылған Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры (ректоры) болып тағайындалған. Осындай жауапты қызметтер атқарған Темірбек шығармашылық ізденісімен, сауаттылығымен, іскерлігімен көзге түскен. Оның тапсырылған қызметіне деген жауапкершілігі, ынталылығы, жетекшілік қабілеті Орталық партия комитетінің Орта Азиялық бюросы басшылығына танылады. Олар Жүргеновті Түркістан Республикасы тарағанда жаңа құрылған Тәжік мемлекетінің Қаржы Халық Комиссары (министрі) етіп тағайындаған. Университетті «Экономика» мамандығы бойынша бітірген Темірбек «КСРО мен Қазақстанды админстративтік және шаруашылық жағынан аудандастыру проблемасы» деген тақырыпта диплом қорғайды. Онда Түркістанның орнында құрылған жаңа республикалардың (өзбек, қырғыз, тәжік) шекарасын белгілеу жөнінде дәлелді ұсыныстар айтады. Бұл елдердің тарихи, саяси-географиялық жағдайын, оларда тұратын халықтың ұлттық сипаты жайлы мәліметтер келтіреді. Жетісу, Сырдария облыстарын Қазақстанға қосудың проблемаларын негіздейді. Ол осылайша экономист, заңгер мамандықтарын игерген талантын танытады.
Тәжікстанда бір жылдай қызмет атқарған Темірбек өзі сұранып Ташкентке келеді. Өзбекстан орталық комитеті оны республиканың оқу-ағарту халық комиссары етіп бекітеді. Сонда Қазақстан шақырып алғанша (1930-1933) істейді.Осы кезеңдерде ол аса абыройлы еңбек тәжірибесінен өтеді. Өзбек жерінде оқу-ағарту саласында атқарған қызметін Темірбектің бұл тақырыпқа жазған проблемалық мақалалары мен баяндамаларынан («Безразличие и безответственность», «Всеобуч в Узбекстане», «Главное - всеобуч и ликбез», «Наркомпрос и полностью переведен на узбекский язык», «О всеобщей политехнизации», «Поддержка первому в Средней Азии», «Узбекистан быстро идет по пути культурного неравенства», «Стройтельство социализма и культурная революция в Узбекистане», «Мектептің түп кемшілігін кетіру үшін күрес», тағы басқа да жазбаларынан) тануға әбден болады.
Жазушы Өтебай Тұрманжановтың жазуы бойынша Фирдоусидің атақты «Шаһнама» дастанын бір кезде Ораз молда, Шәді төрелер аударып, Ташкент баспасынан кітап етіп басып шығарған. Бірақ олардың көп сөздері түсініксіз болған. Өйткені бұл ақындар тек қазаққа ғана емес, Орта Азия халықтарына тән етіп, сол кездегі «Әдеби ортақ тіл» деп саналатын шағатайшаға бейімдеп аударған. Оған біздің қарапайым қазақтың түсіне қоюы қиын болатын.
1934 жылы жер жүзінің халықтары Фирдоусидің туғанына 1000 жыл толғанын атап өтті. Міне, осы кезде «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару мәселесі көтерілді. Сол кездегі Қазақ ССР Оқу халық комиссары Темірбек Жүргенов тәжіктің классик жазушысы Садриддин Айнимен кездесіп, бір пікірлескенінде, бұған Тұрмағамбет ақынды қатыстыру туралы ұсыныс білдіреді. Осыдан кейін Қазкрайком арқылы (ол кезде Мирзоян секретарь еді) Тұрмағамбет Ізтілеуовті Қызылордадан Алматыға шақырып алады.
Темірбек Жүргенов Тұрмағамбеттен: — «Шаһнаманы» білесіз бе? Аудара алар ма едіңіз? — деп сұрағанында сол басқосуда Өтебай Тұрманжанов та болған.
Ал Тұрмағамбет болса: «Шаһнаманың» түрікшесі мен шағатайшасын да, парсышасы мен арабшасын да оқыдым. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар? — депті. Содан кейін оған аударуға бір жыл мерзім береді. Сол кезде Тұрмағамбеттің жасы 55-те болған. Бірақ ол бір жыл емес, тоғыз айда аударып, бітіріп береді.
— Жүргеновтің қазақ өнеріне қосқан үлесі орасан. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
— 1933 жылдың басында ВКП (б) Орталық Комитеті Темірбек Жүргеновті Қазақ АССР халық ағарту комиссары етіп жібереді. Осы жұмыста және Қазақ АССР Халық Комиссарлары Советі жанындағы өнер жөніндегі комитетінің председателі болып істей жүріп, Темірбек Жүргенов өзінің тамаша ұйымдастырушы екенін көрсете білді. Өмірінің соңғы үш-төрт жылына тұстас келген кезеңде Жүргенов қазақ мәдениетін өркендетуге, ұлттық мәдениет кадрларын - артистерді, компазиторларды даярлауға бүкіл күш-жігерін жұмсады.
Қазақ өнерінің өркендеуіне ерекше қызмет еткен Темірбек Қараұлының ұсынысымен 1934 жылы халық өнері таланттарының бүкілқазақстандық слеті өткізіліп, оған республиканың жер-жерінен тамаша өнер өкілдері келіп тоғысқан. Осы басқосу арқылы тамаша өнер адамдарының есімдері елге белгілі болған. Алматыда хореография мектебін, қуыршақ театрын және музыкалық театр аштырып, оған қойылатын спектакльдердің жандануына ықпал еткен. Темірбек Жүргеновтің қызу қолдауымен 1935 жылы Қазақ филармониясы, Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы Қазақтың ұлт аспаптары оркестрі құрылған. 30-шы жылдары облыстарда, бірқатар аудандарда, жекелеген колхоз-совхоздарда театрлар ашылып, кітапхана, клуб мекемелерінің жұмысы жолға қойылған.
Қазақ көркем өнері мен әдебиетінің үлкен белеске көтеріліп, Одаққа танылуына 1936 жылғы Мәскеуде өткен онкүндіктің маңызы үлкен. Бұл игі істің бастауында үкімет басшылары болғанымен, оны дайындап атқару ісі Темірбек Жүргеновтің мойынына жүктелген. Темірбектей қайраткердің тамаша еңбек сіңіргенін онкүндіктің қорытындысында оған берілген Еңбек Қызыл Ту ордені айқын дәлелдесе керек. Осы тұстағы Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Рамазан Елебаев, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Камал Қармысов, т.б. сияқты өнер тарландарының есімдері де Темірбек Жүргенов есімімен, ол атқарған үлкен істермен тығыз байланысты.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі 17-26 мамыр аралығында үлкен театрдың филиалында ұйымдастырылды. Оған қатысушыларды Мәскеу 12 мамырда Қазан вокзалында қарсы алды. Қарсы алушылар ішінде көрнекті театр мен өнер, әдебиет қайраткерлері (ішінде СССР халық артисі, А.Чеховтың жары Книппер-Чехова болды) болған еді. Олар салтанатты жиын өткізіп, жылы ықылас білдірді. Қазақстан үкіметі атынан мәскеуліктерге Темірбек Жүргенов алғыс айтты.
Ал онкүндік күндері жұмыс істеген көрме 10 мамырда театр ғимаратында ашылды. Оған қазақтың ұлттық бұйымдары, өнер шығармалары қойылды. Қазақтың киіз үйі, қолдан тоқылған киімдер мен оюлап жасалған текеметтер, көшпелі елдің ыдыс-аяғы, ат әбзелдері (әшекейлеп жасалған ертоқым, жүген, құйысқан), әйелдердің әшекейлеп тігілген киімдері, Қазақстан байлығын танытатын минералогия мен кен тастары үлгілері, ауыл шаруашылық өнімдері, суретшілердің шығармалары мен көркем әдебиет, т.б қойылған еді. Көрме 28 мамырға дейін жұмыс істеп, оны Мәскеу халқы сүйсіне қабылдап қызықтады.
Онкүндік 17 мамыр күні «Қыз Жібек» операсымен ашылды. Оған одақтық мемлекет басшылары қатысып, қазақ өнерін тамашалап қол соқты. Қыз Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованың ғажайып дауысы тыңдаушыларды таңқалдырды. Сол күннен бастап әнші «Қазақтың бұлбұлы» атанды. «Қыз Жібек» 19 мамырда қайта қойылды. 18-22 мамыр күндері мәскеуліктер «Жалбыр» операсын тыңдады. 23 мамырда екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарлама көрсетілді. Бірінші бөлімде ұлт аспаптары оркестрінің концерті (жетекшісі Ахмет Жұбанов) көрсетілді. Оркестрге қосылып Күләш, Жамал Омарова, Шара, хореграфиялық училищенің балалары өнер көрсетті. Концерттің екінші бөлімінде сахнаға ұлттық ойындар мен Жамбыл бастаған халық ақындары шығып, қазақтың суырып салып айту өнерін жұрт назарына ұсынды. Сол кезде аты әлемге тарай бастаған Жамбыл ақынға көрсетілген құрмет халықты ерекше қуанышқа бөледі.
Онкүндік күндері оған қатысушылар Бүкілодақтық радионың үлкен бағдарламасына қатысты. Оған Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Күләш, халық аспаптары оркестрі, хор ұжымы, Сәкен, Ілияс, Сәбит, тағы басқа ақын-жазушылар қатысып, олардың шығармалары орындалды. Халық аспаптары қаланың саябақтарында өнер көрсетті. Мәскеу өнерпаздарымен кездесулер өткізілді.
26 мамыр күні әдебиетшілер үйінде үлкен әдеби кеш болды. Мәскеудің газет-журналдары, радио күн сайын хабар таратып жатты. «Правда» газеті қазақтың халықтық өнеріне аса зор баға бере келіп, «Қыз Жібекті» осы тектес поэзия үлгісінің ең биігі, нағыз музыкалық поэзия деп бағалады. Спектакльдің авторы да, композиторы да қазақ халқының өзі деп жазды. Онкүндікті тамашалау үшін арнайы Ленинградтан композитор және музыка зерттеуші академик Б.Асафьев келді. Ол «Қазақстан музыкасы» деген мақала жазған.
Қорытынды концертке Сталин бастаған ел басшылары қайта келіп қатынасып, соңынан Қазақстан делегациясын ресми қабылдады. 28 мамырда онкүндікке қатысушыларды өкімет наградаларымен марапаттау шарасы өтті. Жамбыл, Сәкен, Күләш, Қанабек, Құрманбек, сондай-ақ, жоғарыда айтып кеткендей, Темірбек Жүргенов Еңбек Қызыл Ту орденін алды. Басқа да адамдарға орден, медальдар берілді.
— Темірбек Жүргеновке туған өлкесінде ескерткіш кеңес одағы тұсында ашылды ма, кейін салынды ма?
— Ырғызда Темірбек Жүргеновке ескерткіш ашылған сәт туралы Марат Мырзалы былай дейді: «—Кейде адам көңілінде жатталып қалатын оқиғалар болады. Қараша айының сол бір күні менің жадымда жақсы сақталған. Ерекше мәні бар-ау дейтін оқиғалар болған күндерді түртіп қоятын күнделік дәптерімнің беттерін парақтадым. «1986 жылдың 13 ноябрі. Бұл күні ауданымызда үлкен жаңалық болды. Мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновке Ырғыз селосында ескерткіш ашылды». Одан әрі осы рәсімде сөйлеген адамдар есімдерін жазыппын.
Осы жиынға аудан басшылары, жергілікті тұрғындар және Алматыдан келген қонақтар қатысты. Қонақтар арасында Т.Жүргеновтың жұбайы Дәмеш Ермекова, белгілі жерлес қаламгер Өтебай Қанахин және Қызылорда облысында тұратын інісі Бекназар зайыбымен болды. Сол бір шақта көзіне жас ала сөйлеген Дәмеш апайдың жан тебіренісін әркімдер-ақ түсінген еді. Т.Жүргенов ескерткіші ашылған сәттегі жұртшылық қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір топ көнекөз қариялар Дәмеш апайды ортаға алып, өткен жылдар туралы естелік әңгімелер айтып, шүйіркелесіп тұрды. Бұдан кейінгі салтанат «Арай» мәдениет үйінде жалғасты. Мәдениет үйіндегі басқосуда Дәмеш апайдың Өтебай ағамызға Темірбек Жүргенов туралы кітап жазуын ұсыныс етіп білдіргені де менің жадымда қалды».
Жерлесіміз, көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі ауданымызда құрметпен аталады. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Темірбек Жүргенов туралы жәдігерлер көп. Ырғыз селосындағы асфальт төселген үлкен көше бүгінде даңқты жерлесіміздің атында. Ал аудандағы Нұра ауылында Темірбек Жүргенов атындағы орта мектеп және көше бар. Сондай-ақ жаңа туған сәбилерге Темірбек және Дәмеш есімдерін қоюдың өзі абзал азаматтарға деген көпшіліктің риясыз көңілін, зор ықыласын аңғартады. Абзал азаматтың, ұлы тұлғаның есімін кейінгі ұрпақтар ұмытпайды.