Жүрек ақауын анықтайтын «Холтер» аппараты шалғай ауданда да бар

21 Қазан 2020, 10:43
6691
Бөлісу:
Жүрек ақауын анықтайтын «Холтер» аппараты шалғай ауданда да бар
Фото: автордан

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде ересектермен қатар жастар арасында да жиі кездесіп жүрген жүрек-қан тамырлары ауруы сала мамандарын алаңдатуда. 

Алайда, кейінгі жылдары елдегі емдеу мекемелерін заманауи технологиялармен жабдықтаудың арқасында ерте диагностикалауға мүмкіндік туды. Бұрын дерттің алдын алуға немесе жүректегі ақауды дер кезінде анықтауға септігін тигізетін жаңа құрылғыларды тек облыс орталықтарынан ғана кездестірсек, қазір ондай құрылғылар шалғай аудандардағы ауруханаларда да бар. 

Мәселен, Жамбыл облысы аумағындағы Шу аудандық орталық ауруханада орналасқан функционалды диагностика бөлмесі түгелдей заманауи құрылғылармен жабдықталған. Осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген диагностикалық кабинетте жүрек қағысы мен қан қысымын тексеруден бөлек, жүректе ақаудың бар-жоқтығына терең зерттеу жүргізуге арналған «Холтер» құрылғысы бар.   

Аталған кабинеттің меңгерушісі Эльвира Бейсетбаеваның айтуынша, «Холтер» аппараты арқылы әдеттегі кардиограмма анықтай алмайтын тұрақсыз бұзылыстарды да анықтауға болады екен. 

«Холтер» ЭКГ мониторингі – ЭКГ тіркеуді қамтитын, анық және жоғарғы деңгейдегі ақпараттық зерттеу әдісі. Жүректегі сырқатты анағұрлым терең диагностикадан өткізу үшін науқастың кеуде қуысына электродтарды жабыстырып, диагностикалық құрылғы науқастың беліне ілінеді. Сонымен қатар, емделушіге холтерлік бақылау күнделігі беріледі. Ол аталған күнделікке ұйқы, денеге түсетін ауырлық, күні бойғы күйзеліс, дәрі немесе тамақ ішу мен сырқат белгілерін тіркеп отырады. Бақылау бір тәулік бойы жүргізіледі, - дейді медицина маманы. 

Оның сөзінше, осы уақыт аралығында аппарат жүрек жұмысына терең диагностика жасайды екен. Нәтижесінде, бір тәуліктен кейін құрылғы емделушіден алынып, ондағы күні бойы жүргізілген ақпарат компьютерге енгізіледі. Одан кейін ЭКГ көрсеткіштеріне талдау жасалып, сол ақпарат негізінде қорытынды шығарылып, нақты шешім қабылданады. 

Осы аппаратты алғалы жылына төрт мың адамға дейін қабылдау жүргізіп, жүректегі ақауларды анықтауға мүмкіндік туды. Қазіргі кезде Шу қаласындағы ауруханамен келісім-шарт арқылы жұмыс істеудеміз. Бұған дейін қала тұрғындары жүрек-қан тамырлары ауруын тексеру үшін облыс орталығына сабылған болса, қазіргі кезде емхананың жолдамасы арқылы біздің кабинеттен де тексеруден өте алады, - деп атап өтті Эльвира Берікбайқызы. 

Бұдан бөлек, функционалды диагностика бөлмесінен тредмил-тесттен де өтуге болады. Ол дегеніміз – арнайы жүгіру жолағы арқылы денеге ауыртпалық түскен кезде жүрекке электрокардиографиялық тексеріс жүргізу. Бұл әдіс арқылы емделушінің денеге түсетін ауыртпалыққа реакциясы мен жүрек-қан тамырларының төзу қабілеттілігі анықтауға болады.   

Дәл осындай бақылау жұмыстарын жүргізу шамамен 6 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады екен. Байқағанымыздай, диагностикалық тексеруге біраз уақыт керек. Сондықтан, тексерілу үшін оған алдын-ала жазылып немесе жолдаманы дер кезінде алған жөн. 

Диагностикалық бөлменің қызметін жылына төрт мың адам пайдаланатынын ескерсек, жүз мыңнан аса тұрғыны бар Шу ауданы үшін екі құрылығының өзі аздық ететінін аңғару қиын емес. Дегенмен, бұған дейін осындай тексеруден өту үшін аудан тұрғындары облыс орталығына сабылып, дер кезінде анықталуға тиіс аурудың алдын алмай, уақыт оздырып алып жататын. Сонымен салыстырғанда, қазір ауылдағы ағайын біраз әуре-сарсаңнан құтылып отыр. 


Өзгелердің жаңалығы