Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Астана-өнім" зауыты төтенше жағдай кезіндегі жұмысын тоқтатпаған кәсіпорындардың бірі. Халықты ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған зауыттың қазіргі жұмысы жайлы кәсіпорынның бас директоры Ғалымжан Әбдіхалықов айтып берді.
Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, біздің кәсіпорынның жұмысы тоқтаған жоқ. Алайда карантин кезінде бұрынғыға қарағанда жұмысшылардың жұмыс уақытын создық. Сүт және ет өнімдері халыққа ең керекті азықтардың бірі екендігін жақсы білесіздер. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына күнделікті осы өнімдерді жеткіземіз. Карантин жарияланды деп жұмысымызды тоқтатпадық. Бүгінгі күні өзіміз шығарып жатқан жиырмадан астам қара малдың сүт өнімдерін, соның ішінде жылқы сүтінен шығарылатын қымыз, түйе сүтінен алынатын шұбат және ірі қара, қой, түйе етімен қаланы қамтамасыз етіп отырмыз. Оған қоса, біз ауыл шаруашылығында егіс өнімдерімен айналысамыз. Оның ішіне жем-шөп өнімдері кіреді. Бүгінгі күні дала егіс жұмыстарына шықтық. Топырақ өңдеу жұмыстарымен айналысу үстіндеміз, - деді зауыт директоры.
Карантин кезінде жұмысшыларға қандай жағдай жасалғанын айтып берді.
Қазір біздің кәсіпорында 400-ге жуық жұмысшы қызмет атқарады. Жұмысшылар өзіміздің қаладан 60 шақырым жерде тұрғандықтан, осы маңайдағы үш ауылдан жұмысшылар өз қызметтерін атқаруда. Бұлар негізгі жұмысшылар. Ал қашықтан жұмыс істеп жатқан үш маманымыз бар. Бізде ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы болғандықтан күні-түні істейтін жұмыс көп. Сондықтан сырттан келіп қызмет атқаратын жұмысшылар үшін арнайы пәтер мен жатақхана жалдадық. Жұмысшыларды бетперде мен бірреттік қолғаппен қамтамасыз еттік. Күнделікті жұмыс орнын таза ұстау, дезинфекциялық жұмыстарды жиі жасап отыру әрбір жұмысшыға міндеттеледі. Төтенше жағдай басталған уақыттан сақтық шараларын, сонымен қатар жұмысшылар арасындағы белгіленген арақашықтықты сақтау ескертілді, - деді Ғалымжан Әбдіхалықов.
Сонымен қатар, зауыттың бас директоры үкімет тарапынан қолдау қажет емес екендігін тілге тиек етті. Керісінше, зауыт өз тарапынан мұқтаж жандарға қолұшын созуда.
Үкіметтен қолдау қажеттігі туындап отырған жоқ. Қазіргі қолдау енді егін себу науқанына жанармайдың бағасын түсіріп беріп жатыр, оның өзі біршама көмек деп есептеймін. Керісінше, біз облыс көлемінде өзіміздің шығарып жатқан өнімдерімізді қарттар мен балалар үйі бар, аудан көлемінде мұқтаж отбасылар бар, осы жандарға біз өз тарапымыздан көмектесіп, өнімдерімізді апарып береміз. Осындай қиын-қыстау кезеңде бұндай көмектер артық етпейді деп есептеймін, - деді кәсіпорын басшысы.
Сонымен бірге, ол шығын да жоқ емес екенін тілге тиек етті. Бүгінгі күні көптеген шаруашылық өз өнімдерін қымбатқа сатып жатқаны өтірік емес. Өнімдер арқылы бағаны шарықтатып, пайда тауып жатқандар баршылық екенін айта кетті.
Менің ойымша, қазір баға көтеретін кез емес. Ел басына мынадай күн туып жатқанда баға көтеріп, пайда тапқан дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан біздің кәсіпорынның барлық сауда нүктесіне қойылған өнімдердегі баға сол қалыпта, - деп атап өтті Ғалымжан Әбдіхалықов.
Айта кеткен жөн, кәсіпорын желілері Ақмола облысының төрт ауданында орналасқан. Бурабай, Целиноград, Астрахань және Мичурина аудандарында. Зауыт күніне 7 тонна сүт өнімін өндіреді.
Бұдан бөлек, карантин кезінде жұмыс жасап жатқан компаниялардың бірі "Цесна-Астық" ЖШС. 1969 жылы құрылған компания 400-ге жуық өнім түрлерін шығарады. Компанияның бренд менеджері Испандияр Уябеков төтенше жағдай басталған күннен жұмысты тоқтатпағандарын айтты.
Біздің компанияда офисте және зауыттың өзінде жұмыс істейтін жұмысшыларымыз бар. Қазіргі таңда офистегі қызметкерлер қашықтан қызмет атқаруда. Ал зауыттың өзіндегі жұмысшылар күнделікті штаттық режимде, ауысым бойынша жұмыс жасайды. Карантин басталған күннен жұмысшылардың барлығына арнайы киім берілді. Оған қоса, бетперделер мен медициналық қолғаптар да таратылды. Таңертең және кешке жұмыс біткен соң жұмысшыларымызды үйлеріне тасымалдайтын автобус бар. Бәрін үйлеріне жеткіземіз. Ал таңертең жұмысқа келгенде мейірбикелер біздің температурамызды өлшейді, - деді компанияның бренд менеджері.
Бұл жұмыс орны қазіргі таңда 700-ге жуық жұмысшының басын біріктірген компаниялардың бірі. Испандияр Уябеков компания өнімдері қазақстандық әрбір тұрғынның үйінен табылатынын атап кетті.
Көп тұтынатын өнімдеріміздің көпшілігін қаланың барлық дүкен сөрелерінен көре аласыздар. Ассортименттің көптігі соншалық, ұн, макаронның түр-түрі, жармалар, тағы да басқа керекті өнімдерді кездестіре аласыз, - деп сөзін түйіндедікомпания өкілі.