Жұмыстан қуылған инспектор сотта жеңіп шығып, ҚАЖД-дан 2 млн теңгеге жуық өтемақы өндіріп алды

Денсаулығына байланысты жұмысқа келмеген қызметкер жұмыстан шығарылған. Сот оның пайдасына қандай шешім шығарды?

Кеше 2026, 16:47
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Кеше 2026, 16:47
Кеше 2026, 16:47
603
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Ақтау қалалық сотында азамат К.-ның Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарсы берген азаматтық ісі қаралды.

Талапкер жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, өзін бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды, амалсыз жұмыссыз жүрген кезең үшін жалақы өндіруді және моральдық зиянды өтеуді сұраған.

Сот анықтағандай, талапкер Түпқараған аудандық пробация қызметі бөлімінде инспектор болып жұмыс істеген. 2025 жылғы 24 шілдеде денсаулығының нашарлауына байланысты жұмысқа шыға алмаған. Сол күні ол екі рет шұғыл медициналық көмекке жүгінген, бұл тиісті құжаттармен расталған. Сонымен қатар өзінің сырқаттанғаны туралы басшысына WhatsApp мессенджері арқылы хабарлаған.

Алайда қызметтік тексеру қорытындысы бойынша 2025 жылдың қыркүйегінде ол қызмет орнында үш сағаттан астам уақыт дәлелді себепсіз болмағаны үшін жұмыстан шығарылған.

Сот оның жұмысқа келмеуі денсаулық жағдайына байланысты болғанын және бұл дәлелді себеп болып саналатынын анықтады. Осыған байланысты жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Сондай-ақ сот жұмыс беруші тараптың талап қою мерзімі өтіп кеткені туралы уәжімен келіспеді. Іс материалдары бойынша жұмыстан босату туралы бұйрық талапкерге уақытылы табысталмағаны және оның өкіліне тек 2025 жылғы 17 желтоқсанда жолданғаны белгілі болды.

Сот шешімімен талапкер пробация қызметі инспекторы лауазымына қайта орналастырылды.

Оның пайдасына:

  • амалсыз жұмыссыз жүрген кезең үшін 1,25 миллион теңге жалақы;
  • 200 мың теңге моральдық зиян өтемақысы;
  • өкілдің қызметіне жұмсалған шығын ретінде 500 мың теңге өндірілді.

Осылайша, талапкердің пайдасына өндірілген жалпы сома 1,95 миллион теңгені құрады.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.

Тағы оқи отырыңыз: Кассациялық сотқа 5 мыңға жуық шағым түсті: Әкімшілік әділет институты азаматтарға не берді? 

Мемлекеттік органмен соттасу: Қарапайым азамат өз құқығын қалай қорғайды? 

Наверх