Жетісу облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері биыл мамыр айында Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігі аудитінен кейін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік аудит өңірде бюджеттің нәтижелі атқарылуына әсер ететін бірқатар жүйелі проблемалар мен бұзушылықтарды анықтады.
Мысалы абаттандыру және инженерлік желілер бойынша жұмыстардың кешіктірілуі дайын тұрғын үйді қоныстандыру мерзімдерінің бұзылуына әкелді.
Сонымен Панфилов ауданында төрт 60 пәтерлі және екі 80 пәтерлі тұрғын үй 1,5 жылдан астам уақыт бос тұр. Олардың жалпы құны шамамен 5,8 млрд теңге. Бұзушылықтар басқа салаларда да анықталды.
Аудит қорытындысы бойынша облыс әкіміне белгіленген тәртіппен Қазақстан заңнамасын бұзған адамдарды жауапкершілікке тарту тапсырылды. Нәтижесінде 2 адам қызметінен босатылды, тағы 6 адам сөгіс алды, 2 адам ескертулер алды. Сонымен қатар 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасының одан әрі орындалуы бақылауда.