Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем мерзімі алты айдан үш айға қысқарады. Сонымен қатар төлем мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін бұрынғы табысқа шектеу қойылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, өзгерістің негізгі мақсаты – жұмыссыз қалған азаматтарға ұзақ уақыт төлем берумен шектелмей, олардың еңбек нарығына тезірек оралуына және тұрақты табыс табуына көмектесу.
Жұмысынан айырылғаннан кейін не маңызды: төлемді ұзақ алу ма, әлде тұрақты табысқа тезірек оралу ма? Қазақстанда жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мерзімі 6 айдан 3 айға қысқарады. Бұл ретте басты назар адамға жұмысқа тезірек орналасуға және тұрақты табысқа оралуға көмектесуге аударылады, – делінген министрлік түсіндірмесінде.
Ведомство үш айлық төлем мерзімі жұмыссыздықтан сақтандырудың халықаралық тәсілдеріне сәйкес келетінін атап өтті.
Жұмысқа орналасуға көмектесу үшін мемлекет азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсыну, тегін оқыту және қайта даярлау, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру сияқты қолдау шараларын көрсетеді.
Төлемді есептеу тәртібі де өзгереді
Әлеуметтік төлем бұрынғыдай азаматтың жұмыс істеген кезеңдегі табысына байланысты есептеледі. Алайда есепке алынатын табыс мөлшері жеті ең төменгі жалақымен шектеледі. Қазіргі көрсеткіш бойынша бұл – 595 мың теңге.
Министрліктің түсіндіруінше, мұндай шектеу де халықаралық тәсілдерге негізделген. Сақтандыру төлемі жоғалған жалақыны толық алмастырмайды және оның белгіленген шекті мөлшері болады.