Кәсіподақ бар жерде жұмысшының әлеуметтік құқығы қорғалады

29 Шілде 2019, 14:43
2511
Бөлісу:
Кәсіподақ бар жерде жұмысшының әлеуметтік құқығы қорғалады
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың басынан бері Алматы қаласында жаңадан 10 кәсіподақ ұйымы құрылып, 4,1 мың адам кәсіподаққа тартылды. Бұл туралы «Алматы қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева брифинг кезінде айтты. 

Оның айтуынша, 2 миллиондай халқы бар Алматыда 5500 мекеме жұмыс істейді, солардың тек 749-ында ғана кәсіподақ ұжымы жұмыс істейді.

«Кәсіподағы бар бұл ұйымдарда 200 мыңдай біздің азамат қызмет етуде. Халықтың қалғаны компаниялар мен шағын және орта бинзес саласында жұмыс істейді. Олардың көпшілігінде кәсіподақтар жоқ», - дейді ол. 

Зәуреш Өмірбаеваның сөзінше, кәсіподақ бар жерде жалақы уақытымен беріледі, қызметкерлердің әлеуметтік құқығы қорғалады және еңбек қауіпсіздігі сақталады.

«Өткен жылдан бері біз аудандық әкімдіктермен бірлесіп жақсы жұмыс істей білдік, әсіресе ұжымдық келісімшарттар бойынша. 2019 жылдың басынан бері қалада 10 кәсіподақ ұйымы құрылып, 4,1 мың адам кәсіподаққа тартылды. Сонымен қатар, қала бойынша 25 193 ұжымдық келісімшарт жасалды. Мұның арқасында жұмысшылар қосымша әлеуметтік жеңілдіктерге ие болды», - деді ол.

Ұжымдық келісімшарт жасау рейтингінде Алматы өткен жылы 16-орында болса, қазір бірден үшінші орынға көтерілген. 

«Бізге қуануға әлі ерте, өйткені қаладағы жұмысшылардың тек 20%-ын ғана қамтып отырмыз. Жалпы бізге әлеуметтік серіктестікті нығайту қажет. Қаладағы кәсіпорындарды әлеуметтік қолдау механизмін жаңғырту тұрғысында үнемі еңбек ұжымына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Жұмыс беруші ірі мекемелермен екі рет кездесу өткіздік, онда халықты жұмыспен қамту, ұжымдық келісімшарт бекіту, жалақыны көтеру мәселелері талқыланды. Нәтижесінде ең төменгі жалақыны 42 мыңнан төмен қоймау шешімі қабылданды. Жалпы қала бойынша жалақы мөлшері 38,6% өскен», - дейді бірлестіктің төрайымы.

Өзгелердің жаңалығы