Жұмысшылардың еңбек жағдайы қалай жақсартылады

19 Ақпан 2024, 16:50
786
Бөлісу:
Жұмысшылардың еңбек жағдайы қалай жақсартылады
Фото: Астана қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесі

Астана қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің отырысында кәсіподақ ұйымдарының 2023 жылы атқарылған жұмыстарына қорытынды жасалып, 2024 жылға арналған жоспарлар мен міндеттер белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біздің басты міндетіміз - еңбекшілердің заңды еңбек және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау. Қауіпсіз еңбек жылын өткізу шеңберінде елорданың кәсіби активі қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында өндірістік жарақаттануды азайтуға, қолайлы еңбек жағдайларын жасауға және қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көптеген іс-шараны өткізді, - деп айтты Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов.

Жұмысшылардың еңбек жағдайы қалай жақсартылады

Оның сөзінше, былтыр өндірістегі жазатайым жағдайлардан 60 жұмыскер зардап шекті, оның 17-і қаза тапты. Өкінішке орай, 2023 жылы өліммен аяқталған және өндірістік жарақат саны 2022 жылдың деңгейінде сақталды. Жазатайым оқиғалардың 16-ы құрылыс ұйымдарында, біреуі зауытта болды.

Өндірістік жарақат жағдайының негізгі себептеріне талдау жасайтын болсақ, өндіріс­тегі жұ­мыстың тиісті деңгейде ұйым­дас­ты­рылмауынан, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін сақтамаудан орын алып отыр. Сонымен қатар өткен жылы елордада құрылыс жұмыстарының көлемі 10,7% -ға ұлғайғанын атап өткен жөн, яғни 2 557,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 40,0%-ға артық. Өндірістік жазатайым оқиғалар орын алған ұйымдар мен кәсіпорындарда кәсіподақ жоқ, - деп атап өтті Төлеген Күнәділов.

Кәсіподақтар орталығының төрағасы атап өткендей, кәсіподақ орталығының өкілдері әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, жылжымалы рейдтерге қатысып, еңбекті қорғау заңнамасының сақталуын, өндірістегі жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауды тұрақты қадағалайды.

Отырыста бірқатар салалық кәсіподақ филиалдарының әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жұмыскерлерге еңбекақыны арттыруға қол жеткізілгені айтылды.

Кеңес жұмысын қорытындылай келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин биылғы Лайықты еңбек жылы аясында еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды жақсарту сияқты негізгі бағыттарға баса назар аударуды атап өтті.

Кәсіподақ күші – бірлікте, бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде. Біз әлеуметтік серіктестермен бірге еңбек жағдайларын жақсартуды ілгерілете отырып, құқықтық сауаттылықты арттыру, кәсіби біліктілікті дамыту, кәсіподақ көшбасшыларын дайындау мақсатында күш-жігерімізді жалғастырамыз, - деді ҚРКФ төрағасы.

Жұмысшылардың еңбек жағдайы қалай жақсартылады

Отырыс соңында кеңес мүшелері еңбек адамының мүддесін қорғау бағытындағы бірқатар мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы