Елімізде жұмыста жарақат алып, салдарынан еңбекке қабілетсіз болып қалғандарға қандай жағдай жасалады? Депутаттардың айтуынша, зейнет жасына шыққан регрессниктер барлық төлемнен қағылып жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Ерболат Сатыбалдин алған жарақаты салдарынан жұмысқа жарамсыз болып қалған "регресниктер" жағдайын айтып, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған болатын. Енді Дүйсенова мәжілісмен көтерген сұраққа ресми жауабын берді.
Депутаттар қандай ұсыныс жасады?
Ерболат Сатыбалдиннің айтуынша, тау қопарып, кен қазған кеншілер, байытушылар мен металлургтер ел байлығын еселейміз деп бейнеттеніп жүріп жазатайым жағдайлардан, ауыр еңбектен денсаулығынан айырылып жатады.
Мысалы, Ұлытау облысында адал қызмет істеп, денсаулығына байланысты жұмысынан кеткен 3 500-ден аса адам тіркелген. Әрине, мемлекет тарапынан арнайы қолдау бар. Үкімет оларға мүгедектік тағайындап, жәрдемақы беріп отыр, - деді депутат.
Сатыбалдиннің айтуынша, қазір елімізде Президенттің тапсырмасымен 55 жастан кейінгі арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
Бұл қомақты қолдауды келер жылы 37 мың ауыр және зиянды жағдайда қызмет ететін жұмысшылар көреді. Дегенмен, күрмеулі бір мәселе бар. Ол бүгінде "регрессниктер" қатарындағы азаматтарымыздың жағдайы. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысқа жарамсыз болып, тіпті күзетші қызметіне де қабылдамайтын фактілер кездескен. Азық-түлік бағасының қымбаттауы, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің де күрт өсуі жарымжан азаматтардың қалтасына ауыртпалық салып отыр. Оған қоса, зейнет жасына шыққан регресниктер барлық төлемнен қағылып жүр, - деді ол.
Осы ретте депутат Үкіметпен бірлесіп, негізгі шараларды қолға алуға шақырған болатын:
- егер жұмыскер денсаулығынан айырылмаған жағдайда алатын табысының өтемақы сомасына пайыздық қатынасын қайта есептеуге мүмкіндік беретін Азаматтық кодекстегі 938, 944 баптарды қайта пысықтау, әрі енгізуді ұсынамын.
- зейнетке шыққан регрессниктердің, арнайы төлемақыларын сақтауды қайта қарастыру керек. Өйткені, зейнетке шығу жағдайын, олардың регресниктер қатарынан шығуы деп қабылдамаған дұрыс.
- регрессниктерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен жиілігін ұлғайту қажет деп есептеймін.
Үкімет не дейді?
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова өтемақы сомаларын қайта есептеуге қатысты былай деді.
Бұрын 2015 жылғы 10 мамырға дейін төлем көзіне байланысты зиянды өтеу есебінен төленетін сомаларды индекстеудің әртүрлі тәсілдері болған. Яғни жұмыс беруші – орташа жалақының, ең төмен жалақының өсуіне, сақтандыру ұйымы – тұтыну бағалары индексінің өсуіне, бюджет – ең төмен күнкөріс деңгейінің өсуіне, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры – ҚР Үкіметтің шешімі негізінде, - деп айтты ол.
Дүйсенованың сөзінше, мұндай тәсіл әртүрлі көздерден тағайындалған төлемдердің мөлшерін дифференциацияларға әкелді, яғни жыл сайынғы ең төмен жалақының өсуінің болмауына және орташа жалақының шамалы өсуіне байланысты жұмыс берушілерден төленетін төлемдердің мөлшері бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүзеге асырылатын төлемдерден ерекшеленеді.
Осыған байланысты заңмен ҚР Азаматтық кодексіне өзгерістер енгізілді. Мұндай тәсіл бүгінде зиянды өтеу есебінен төлемдерді индекстеудің бірыңғай тәсілін және олардың сатып алу қабілетін қамтамасыз етеді.
Вице-премьер зиянды өтеу бойынша өмір бойғы төлемдерді жүзеге асыруға қатысты ойын айтты.
Дүйсенованың айтуынша, заң қолданысқа енгізілгенге дейін кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін алған зардап шеккен жұмыскерлер жасалған шартқа сәйкес өмір бойғы сақтандыру төлемдеріне құқылы болды және осы мерзімге дейін сақтандыру төлемдерінен міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) аудармады.
Зейнеткерлік жасқа толған адамдарда заң қолданысқа енгізілгеннен бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін жоғалған жалақыны ауыстырудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін жинақтауға мүмкіндігі болмады. Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін сақтандыру төлемдерін алатын адамдар бойынша сақтандыру төлемдерінен МЗЖ және МКЗЖ аударылады. Мәселен, осы санаттағы адамдар зейнетақы жасына дейін жоғалған табысын сақтандыру төлемдері есебінен, зейнеткерлік жастан кейін – зейнетақы төлемдері есебінен толықтырады. Олар жалақының, сонымен қатар сақтандыру төлемдері есебінен зейнетақы жинақтарын қалыптастыру мүмкіндігі бар, ол зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін жоғалтқан жалақысын өтеуге бағытталады, - дейді ол.
Осыған байланысты, жұмыскерлердің жекелеген санатын өмір бойғы төлемдермен қамтамасыз ету мақсатында "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" заңына тиісті түзетулер енгізілді.
Мәселен, кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі алғаш рет 2015 жылғы 10 мамырға дейін белгіленген және қайта куәландыру мерзімінсіз 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған адамдарға сақтандыру ұйымдарынан кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін қайта куәландыру мерзіміне сақтандыру төлемдерін алу құқығы берілді, яғни төлемдер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін де жүргізіледі, - делінген Дүйсенованың ресми жауабында.
Қандай медициналық көмек көрсетіледі?
Кәсіптік аурулары бар пациенттер (регрессшілер) Қазақстан Республикасының басқа азаматтары сияқты "Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес скринингтік зерттеулермен қамтамасыз етіледі.
Алғашқы медициналық-санитариялық медициналық көмек көрсету "Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Медициналық көрсетілімдер болған кезде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы бірлесіп орындау шартына сәйкес "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ-ның Денсаулық сақтау субъектілерінің базасында бар кез келген ұйымға консультациялық-диагностикалық көмекке жібере алады. Медициналық көрсетілімдер болған кезде кәсіптік аурулары бар пациенттер (регрессшілер) "Медициналық оңалтуды көрсету қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес медициналық оңалтумен қамтамасыз етіледі, - деп айтты ол.
Сондай-ақ кәсіптік аурулары бар пациенттер (регрессшілер) Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіптік денсаулық институтының Кәсіптік денсаулық клиникасында ем ала алады. Сонымен қатар Семей медицина университетінің Өскемен филиалының кәсіптік патология бөлімшесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналы жылына 1 рет стационарлық ем және консультациялық-диагностикалық көмек ала алады.
Сонымен қатар биылдың 1 қаңтарынан бастап "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" заңына:
- өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың алдын алу шараларына жұмсаған шығындарын төленген сақтандыру сыйлықақысының 6%-на дейін өтеуі;
- өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың төленген сақтандыру сыйлықақысының 6%-на дейінгі шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуіне;
- зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеу бойынша өмірді сақтандыру компанияларының 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде төлеуі;
- жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде жұмыскердің кінәсін болдырмау бойынша өзгерістер енгізілді.
Қабылданған заңнамалық нормалар компанияның өмірді сақтандыру бойынша жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл регрессшілердің медициналық қызмет көрсетуді және санаторий-курорттық емдеуді жүйелі түрде жақсартады, сондай-ақ оңалту шараларына бағытталған іс-шараларды кеңейтеді.
Сонымен қатар қазіргі уақытта қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіптік денсаулық институты университеттік клиника ретінде жұмысшылардың денсаулығын сақтау мақсатында еңбек жағдайларының адам ағзасына әсерін зерттеумен айналысады және кәсіптік аурулардың алдын алу мен емдеуді жүзеге асырады, - деді Тамара Дүйсенова.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге жүйелі медициналық көмек көрсету үшін биыл кәсіптік аурулар институты қалпына келтіріледі.
Регрессшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері уәкілетті органның және Үкіметтің бақылауында.