Абай облысында адам саудасына қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. Үкімді Аягөз аудандық соты шығарып, оны адам саудасы үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Іс материалдарына сәйкес, 2024-2025 жылдары Аягөз қаласының тұрғыны әлеуметтік осал топтағы адамдарды іздеумен айналысқан. Көбіне ол олармен Семей қаласында – вокзал маңында және базарларда танысқан. Жәбірленушілердің басым бөлігі мас күйде болған, ал әйел оларға жұмыс тауып беруге көмектесетінін айтып, сенімдеріне кірген.
Кейін жұмысқа орналастыру сылтауымен оларды шаруа қожалықтарына жіберген. Ал жұмыс берушілер болашақ еңбек үшін алдын ала төлеген ақшаны өзі иемденіп отырған. Сот мәліметінше, бұл сомалар 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жеткен.
Тергеу барысында осындай бес эпизод анықталды. Кейбір жағдайларда әйел жәбірленушілердің еркін қозғалуын шектеп, психологиялық қысым көрсеткен, қорқытқан және ішімдікке тәуелді еткен.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, келтірілген шығынды өтегенін айтты. Жәбірленушілер де оны кешіргендерін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған, - деп хабарлады Аягөз аудандық соты.
Сот кінәні мойындау, тараптардың татуласуы, келтірілген шығынның өтелуі, сотталушының жасы және «Күміс алқа» наградасының болуын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Соған қарамастан, сот әйелді кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Кейін апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді.