- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жұмыс қысқара ма, мүмкіндік көбейе ме: ЖИ еңбек нарығын қалай өзгертеді?
Жұмыс қысқара ма, мүмкіндік көбейе ме: ЖИ еңбек нарығын қалай өзгертеді?
3 Қараша 2026, 07:30
Жасанды интеллект бірнеше минутта мәтін жазып, есеп дайындап, көлемді ақпаратты сұрыптай алады. Бұған дейін сағаттап жасалған жұмыстың жылдам орындалуы біреуге мүмкіндік болып көрінсе, енді біреуді алаңдатады. «Мен атқарып жүрген міндетті бағдарлама орындай алса, жұмыс берушіге қаншалықты қажет боламын?» деген сұрақтың туындауы заңды. Бірақ Қазақстан үшін мәселе жұмыс орнын сақтап қалумен ғана шектелмейді. Ел жаңа технологияның айналасында қандай жұмыс орындарын қалыптастыра алады? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.
Жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалын әзірге екі шеткі пікірдің арасынан талқылап жүрміз. Бірі технология адамды жұмыстан ығыстырады десе, екіншісі оны тек көмекші құрал ретінде қабылдайды. Іс жүзінде нәтиже әр салада, тіпті әр кәсіпорында әртүрлі болуы мүмкін.
Қазақстанға қандай мамандар қажет болады?
ЖИ туралы әңгімеде еңбек нарығының басқа қажеттіліктері кейде назардан тыс қалады. Қазақстанға алдағы жылдары бағдарламашылармен қатар құрылысшылар, өндіріс қызметкерлері, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласының мамандары да керек болады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базалық болжамына сәйкес, 2026-2035 жылдары жалдамалы қызметкерлерге жиынтық сұраныс шамамен 2,9 миллион адамға жетуі мүмкін. Оның шамамен 1,45 миллионы демографиялық себептермен жұмыстан кететін қызметкерлердің орнын толтыруға, ал 1,46 миллионы жаңа сұранысқа байланысты.
Орталық болжамында өнеркәсіпке 429 мың, құрылысқа 257,1 мың, ауыл шаруашылығына 133,7 мың қызметкер қажет болуы ықтимал екені көрсетілген. Сұраныстың басым бөлігі қызмет көрсету секторында қалыптасады.
Мемлекеттік қызметте ЖИ нені өзгертеді?
Мемлекеттік қызметкердің күнделікті жұмысының едәуір бөлігі ақпарат жинаудан, құжаттарды салыстырудан, жауап әзірлеуден тұрады. Осындай міндеттерді жеңілдету мемлекеттік аппаратқа жасанды интеллект енгізудің негізгі уәжі ретінде айтылып отыр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев технологияны енгізу қызметкерлерді алмастыруды көздемейтінін жеткізді.
Мұнда қандай да бір алмастыру мақсаты жоқ. Мақсат - тиімділікті арттыру. Жалпы жасанды интеллект технологиясының өзі кейбір мамандықтарға әсер ететіні сөзсіз. Бұған дейін де индустриялық революция болды. Мысалы, бу қозғалтқышының пайда болуы жалпы еңбек құрылымын өзгертті, - деді Бахтияр Мұхаметқалиев.
Вице-министрдің мәліметінше, министрліктердің бірінде ЖИ арқылы қажетті деректі іздеуге және жауап жобаларын дайындауға көмектесетін пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Мемлекеттік аппараттағы процестердің тиімділігін 30 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған. Әзірге бұл - қол жеткізілген нәтиже емес, көзделген меже.
Мұндай жағдайда қызметкердің жұмысы құжаттың алғашқы нұсқасын жазудан оның мазмұнын тексеруге қарай ауысуы мүмкін. Бірақ дайын жауаптың болуы мәселенің шешілгенін білдірмейді. Дерек дұрыс па, азаматтың сұрағына толық жауап берілді ме, ұсынылған шешімнің салдары қандай? Осы сұрақтарға адам жауап береді.
Баспасөз қызметі: күнделікті жұмыстан талдауға
Баспасөз қызметіндегі жағдай бұл өзгерісті түсініктірек көрсетеді. Ақпарат ағынын бақылау, жарияланымдарды жинақтау, қоғамдық реакцияны талдау - сырт көзге байқала бермейтін, бірақ уақыт алатын жұмыс.
PR және медиа мамандары қауымдастығының төрағасы Ақерке Берлібайдың айтуынша, кейбір мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінде екі-үш адам ғана жұмыс істейді. Жылдар өтсе де, мамандар саны өзгермейтін жағдайлар бар. Осындай ұжымдар үшін ЖИ күнделікті жүктемені жеңілдететін құрал бола алады.
Күнделікті шағын міндеттерді жасанды интеллектіге тапсыра аламыз. Мысалы, мониторинг. Ең алдымен, осы бағытта көп көмектеседі. Екіншісі - мониторинг нәтижелерін талдау. Өйткені коммуникация мен PR жұмысы талдау мен мониторингтен басталады. Қалғаны содан кейін, - деді Ақерке Берлібай.
Бұл жерде технологияның пайдасы бұрынғы жұмысты аз адаммен атқарудан ғана көрінбеуі мүмкін. Қызметкер ақпарат жинауға аз уақыт жұмсаса, мәселенің себебін зерттеуге, журналистердің сұрағына мазмұнды жауап беруге, қоғаммен байланысты жақсартуға көбірек көңіл бөле алады.
Алайда үнемделген уақыт өздігінен сапалы нәтижеге айналмайды. Ол үшін ұйым қызметкерден тек көбірек мәтін талап етпей, оның талдау жасауына және шешім ұсынуына мүмкіндік беруі керек.
Жасанды интеллект кәсіби мамандарды күшейтеді. Өйткені ұсақ міндеттерді оған тапсырып, өз талантымызды әрі қарай ашуға мүмкіндік аламыз. Сондықтан одан қорықпай, жұмысқа пайдаланып, онымен бірге жұмыс істеуді үйрену керек, - деді сарапшы.
Оның пікірі маманның бейімделу мүмкіндігін көрсетеді. Дегенмен бұл барлық жұмыс орны өзгеріссіз сақталады деген кепілдік емес. Нәтиже технологияны енгізген ұйымның қандай мақсат қойғанына да байланысты.
Жаңа дағды жұмыс табуға көмектесе ме?
Еңбек нарығына бейімделу туралы айтылғанда қайта даярлау бағдарламалары жиі аталады. Бірақ курстан өткендердің саны өздігінен нәтижені көрсетпейді. Адам жұмыс тапты ма, табысы артты ма, үйренгенін күнделікті қызметінде қолдана алды ма — бағалау осы сұрақтардан басталуға тиіс.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің дерегінше, Tech Orda бағдарламасын 2022 жылдан бері шамамен 11,5 мың адам аяқтаған. Экономикалық белсенді түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 90 пайыз деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш тек ЖИ бағытын емес, бағдарламаның барлық оқу бағытын қамтиды.
Қайта даярлаудың мазмұны да қызметкердің жұмысына жақын болғаны маңызды. Баспасөз хатшысына ақпаратты сұрыптау мен тексеру, инженерге өндірістік деректерді талдау, редакторға ЖИ жасаған мәтіндегі қателерді анықтау қажет болуы мүмкін.
Ақерке Берлібайдың пікірінше, алдағы бес-он жылда өз саласында сұранысқа ие болғысы келетін маман жаңа технологиямен жұмыс істеуді қазірден үйренуі керек.
Бұл ретте құралға тапсырма бере білу жеткіліксіз. Оның жауабын кәсіби тұрғыдан бағалай алу да негізгі дағдыға айналады,-дейді ол.
Жасанды интеллектінің пайдасы немен өлшенеді?
Халықаралық еңбек ұйымы мен NASK институтының зерттеуіне сәйкес, әлемдегі әр төртінші жұмыс орны генеративті ЖИ ықпалына белгілі бір деңгейде ұшырауы мүмкін. Бұл жұмыс орындарының төрттен бірі жойылады деген сөз емес. Зерттеушілер көптеген кәсіпте адам қатысуын қажет ететін міндеттер сақталып, жұмыстың мазмұны өзгеруі ықтимал екенін көрсетеді.
Қазақстан үшін де негізгі мәселе осы өзгерістің қалай басқарылатынында. Қызметкерге жаңа талап қойып, оны оқытпау бейімделуді қиындатады. Технологияны енгізіп, деректердің сапасын тексермеу күтілген нәтижені бермеуі мүмкін. Ал уақытты үнемдеп, оны қызмет пен өндірісті кеңейтуге жұмсау жаңа сұранысқа жол ашады.
Еске салайық, бұған дейін BAQ.KZ Қазақстанда қандай мамандар тапшы екенін жазған болатын.
Ең оқылған:
- Қар мен жаңбыр: Синоптиктер алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынды
- Германияда жұмысшылар жалақыны 5 пайызға арттыруды талап етуде
- Ақмола облысында жол апатынан үш адам қаза тапты
- Испания үкіметі пойыз апатынан зардап шеккендерге өтемақы төлейді
- Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Аида БАТУХАН