"Жұмыс қарқыны төмен". Үкімет басшысы Ұлытау әкімін сынап тастады

27 Ақпан 2024, 15:45
808
Бөлісу:
"Жұмыс қарқыны төмен". Үкімет басшысы Ұлытау әкімін сынап тастады
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы жоспар бойынша Ұлытау облысында өткен жылы 5 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуға тиіс болғанын еске салды.

Құрылысты тиісті мерзімде аяқтамаған өңірлерді тыңдайық. Ұлытау облысы, өткен жылы өңірде 5 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуға тиіс болатын. Оның төртеуі әлі күнге дейін аяқталмады. Облыс жыл бойы нәбері бір-ақ объектіні пайдалануға берді. 4 объектінің құрылысы қыркүйекте ғана басталған. Әкімдік ұлттық жобаның орындалуын бақыламай отыр деп санаймын. Жыл соңына дейін тағы 15 объекті салынуы қажет. Берік Әбдіғалиұлы, не дейсіз?, - деді Бектенов.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы былтыр облыс бойынша 9 мемлекеттік және бір жеке меншік фельдшерлік-акушкерлік пункт құрылысы жүргізілгенін атап өтті.

Оның бесеуі «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде болса, төртеуі «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынды. Жоғарыда аталған 4 нысан бойынша маусымда бір мердігер жеңіп, құрылыс барысында сапасыз материалдарды қолданғаны анықталды. Осыған байланысты құрылыс монтаж жұмыстары орындалмай, уақытылы орындалмай шартты бұзуға мәжбүр болдық, - деп жауап берді өңір әкімі.

Әбдіғалиұлы даулы құрылыстың мердігерін жосықсыз деп тану туралы сот процесі жүріп жатқанын айтады.

Қалған жұмыс көлемін аяқтау үшін конкурс жарияланды. Мердігер 13 наурызда анықталады деп жоспарланып отыр. Жалпы нысандардың дайындығы – 75-80%. Яғни ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары қалды. Нысандарды аяқтауға қажет 120 млн теңге облыс бюджетінен қарастырылған. Барлық 4 нысан бойынша жұмысты мамырдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2024 жылғы жобалар бойынша 15 жоба жоспарланған. Оның 13-і мемлекеттік сараптамадан өту сатысында. Наурыздың соңына дейін сараптаманың оң қорытындысын алу көзделіп отыр. Содан кейін мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланады. Сәуірде мердігерді аяқтап, мамырда құрылысты бастау жоспарланған. Құрылыстың басталуына облыс бюджетінен 106 млн теңге бөлінді. Инфрақұрылым құрылысына облыс бюджетінен 320 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігерді анықтау рәсімдері жүргізіліп жатыр, - дейді Ұлытау облысының әкімі.

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімге жұмыс қарқыны төмен екенін айтып, шұғыл түрде шаралар қабылдауды тапсырды. 

Өзгелердің жаңалығы