Жұмыс берушіңіз сіз үшін қанша әлеуметтік төлем аударғанын тексере аласыз

17 Шілде 2021, 20:10
2147
Бөлісу:
Жұмыс берушіңіз сіз үшін қанша әлеуметтік төлем аударғанын тексере аласыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу» сервисін іске қосты.

Ол қызметкерге есептелген жеке табыс салығының, зейнетақы жарналарының, міндетті әлеуметтік аударымдардың және медициналық сақтандыруға әлеуметтік аударымдардың сомаларын қарап шығуға мүмкіндік береді - деп хабарлайды департамент.

Сервисте 2020 жылдың барлық кезеңдерін қарауға болады.

Деректерге қол жеткізу үшін электрондық цифрлық қолтаңба немесе SMS құпия сөзі арқылы сәйкестендіруден өту қажет. SMS хабарламасы мобильді азаматтар базасында (ХҚКО) тіркелген ұялы телефон нөміріне түседі.

Деректерді қарау үшін «Салық әмияны», «Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу» қосымша бетін таңдап, жыл мен кезеңді таңдау қажет.

Бастапқы кезеңде, жұмыс берушілері бюджетпен есеп айырысу кезінде жалпыға бірдей белгіленген режимді немесе оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын, жеке тұлғалар деректерді қарай алады.

Мәліметтер болмаған немесе деректер сәйкес келмеген жағдайда, салық есептілігін түзету үшін жұмыс берушіге жүгіну қажет.

МКД «E-Salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасын «App Store» немесе «Play Market» - тен жүктеуге болатынын еске салады.

Өзгелердің жаңалығы