Еңбекмині жұмыс беруші есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерінің мөлшерін айқындау және жүзеге асыру қағидаларын әзірледі. Жоғарыда көрсетілген қағидаларды бекіту туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.
Жоба ҚР Әлеуметтік кодексінің 11-бабының 8-тармақшасына сәйкес әзірленді және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – ЖМЗЖ) есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру мөлшері мен тәртібін айқындайды.
Қағидаларға сәйкес жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері жиынтығында кемінде 60 күнтізбелік ай ЖМЗЖ аударылған мына адамдарға беріледі:
- зейнеткерлік жасқа жеткен (63/61 жас);
- егер мүгедіктігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топ мүгедектігі бар адамдар.
ЖМЗЖ есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері өмір бойы тағайындалады және қайтыс болған немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен айы бойынша жүзеге асырылады.
Қаулы жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Толығырақ https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15059880 сілтемесі арқылы танысуға болады.