Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі келесі жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қарсылас бар. Күні белгіленді. Тер төгіп, еңбектеніп жатырмын, – деп жазған ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Файтердің менеджері Саят Әбдірахмановтың айтуынша, Жұмағұлов 10 шілдеге жоспарланған UFC 264 турнирі аясында өнер көрсетеді. Қазақстандықтың қарсыласы да белгілі, бірақ оның есімі әзірге хабарланбайды.
32 жастағы қазақ спортшысы 2020 жылдың 11 шілдесінде UFC промоушенінде бірінші рет жұдырықтасып, бразилиялық Раулиан Пайваға есе жіберген. Кейін 23 қаңтарда Жалғас швециялық Алмир Альбазиден жеңілді. Оның аралас жекпе-жектегі рекорды – 13 жеңіс және бес жеңіліс.