- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жұлдызай Ысқақова: «Адамның «жоқ» деу құқығын құрметтемей, қауіпсіз қоғам құру мүмкін емес»
Жұлдызай Ысқақова: «Адамның «жоқ» деу құқығын құрметтемей, қауіпсіз қоғам құру мүмкін емес»
Тұрмыстық зорлық, сталкинг, ажырасу, демография және жұмыс істейтін аналардың мәселесі. Ұлттық комиссия өкілі маңызды сауалдарға жауап берді.
5 Тамыз 2026, 10:13
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдардың орындалуы, цифрлық қудалау, демографиялық өзгерістер, жас отбасыларды қолдау және жұмыс істейтін аналардың мәселелері әлі де өзекті. BAQ.KZ тілшісі осы тақырыптар жөнінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақовамен сұхбаттасты.
– Жұлдызай Амангелдіқызы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалық өзгерістердің нақты нәтижесі қандай? Қандай мәселелер әлі де сақталып отыр?
– Ең маңызды нәтиже – тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасының «ішкі мәселесі» емес, адамның өміріне, денсаулығына және қадір-қасиетіне қол сұғу ретінде құқықтық бағасын алды. 2024 жылғы 16 маусымнан бастап денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу қылмыстық жауаптылыққа қайта енгізілді. Полицияның жәбірленушінің ресми арызын күтпей әрекет ету мүмкіндігі кеңейді, «111» байланыс орталығы мен отбасын қолдау орталықтарының мәртебесі заңмен бекітілді.
2023 жылы отбасылық-тұрмыстық салада 923 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2024 жылы олардың саны 3 382-ге жетті. Бірақ мұны зорлық-зомбылықтың үш есе өсуі деп түсіндіру дұрыс емес. Өсім бұрын әкімшілік жауаптылықта болған әрекеттердің қылмыстық санатқа ауысуына байланысты.
Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 11,7%-ға төмендеді. Бұл құқықтық араласудың зорлық-зомбылықтың ерте кезеңінде басталғанын көрсетуі мүмкін.
Дегенмен психологиялық, экономикалық және цифрлық зорлықтың жасырын қалуы, өңірлердегі көмек инфрақұрылымының біркелкі болмауы және агрессорларды түзету бағдарламаларының жеткіліксіздігі сияқты мәселелер бар. Заңның тиімділігін тіркелген істер санымен ғана емес, ауыр және қайталама зорлықтың азаюымен, жәбірленушінің қауіпсіздігімен және көрсетілген көмектің нәтижесімен бағалау қажет.
– Әйелдердің құқықтарын қорғауға қатысты заңдардың орындалуы барлық өңірде бірдей ме?
– Өңірлер арасында айырмашылық бар. Бірақ оны тек қылмыстар санымен өлшеуге болмайды. Көрсеткішке халық саны, құқықтық сауаттылық, полицияға сенім, тіркеу тәжірибесі және көмек қызметтерінің қолжетімділігі әсер етеді.
2024 жылы ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы және Жетісу облыстарында тіркелді. Ең төмен көрсеткіш Астана мен Алматы қалаларында болды. Алайда төмен көрсеткіш жағдайдың жақсы екенін білдірмеуі мүмкін. Бұл жәбірленушілердің көмекке жүгінбеуімен немесе зорлықтың жасырын қалуымен байланысты болуы ықтимал.
Дағдарыс орталықтарының саны 48-ден 32-ге дейін қысқарған. Түркістан облысында бірде-бір орталық болмаған, тоғыз өңірде бір орталықтан ғана жұмыс істеген. Сондықтан өңірлердің жұмысын өткізілген іс-шаралармен емес, жәбірленушіге көрсетілген нақты көмектің нәтижесімен бағалау керек.
– Ажырасудың негізгі себептері қандай? Отбасы институтын нығайту үшін не істеу қажет?
– Ажырасуды бір ғана себеппен түсіндіру дұрыс емес. Оның ең жоғары көрсеткіші некенің алғашқы төрт-бес жылына келеді. Зерттеу барысында респонденттер қаржылық қиындықтарды, өмірлік көзқарастардың сәйкес келмеуін, бала тәрбиесіне қатысты келіспеушіліктер мен үй міндеттерін бөлуді негізгі себептердің қатарына қосқан.
Сондықтан некенің алғашқы бес жылында, әсіресе бала дүниеге келгеннен кейін, тегін психологиялық және қаржылық кеңес беру қажет. Отбасылардың тұрғын үйге, тұрақты жұмысқа және балабақшаға қолжетімділігін арттырып, әкелердің бала тәрбиесі мен үй міндеттеріне қатысуын ынталандыру маңызды.
Ал зорлық-зомбылық пен тәуелділік жағдайында басты мақсат татуластыру емес, жәбірленуші мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
– Қазақстанның демографиялық ахуалына қандай факторлар ықпал етіп отыр?
– Бұл үдерістерді тек қауіп ретінде сипаттамас едім. Қазақстан жаңа демографиялық жағдайға өтіп жатыр және мемлекеттік саясат соған бейімделуі қажет.
2023 жылы 388,4 мың бала дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін төмендеді. Жастардың некеге тұруы мен бала сүюді кейінге қалдыруы отбасылық құндылықтардан бас тартуды білдірмейді. Бұл білім алу мерзімінің ұзаруы, кәсіби қалыптасу, тұрғын үй мен экономикалық тұрақтылыққа ұмтылумен байланысты.
Ірі қалаларға көші-қон артып, инфрақұрылымға түсетін жүктеме көбейсе, солтүстік және шығыс өңірлерде халықтың қартаюы мен азаюы байқалады. Негізгі міндет – демографиялық үдерістерді әкімшілік жолмен кері бұру емес, жаңа жағдайға бейімделу.
– Жастардың некеге кеш тұруы мен бала сүюді кейінге қалдыруын қалай бағалайсыз?
– Бұл үрдісті отбасылық құндылықтардың әлсіреуі деп бағалау дұрыс емес. 1999 жылмен салыстырғанда 2024 жылы некеге тұрудың орташа жасы шамамен екі жасқа ғана өскен.
Зерттеу нәтижесінде жастардың 79,6%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп санайтыны, 75,6%-ы екі және одан да көп балалы болуды көздейтіні анықталған. Демек, мәселе баланың құндылығының төмендеуінде емес, отбасылық жоспарларды жүзеге асыруға қажетті жағдайдың жеткіліксіздігінде.
Сонымен қатар жастардың 38,1%-ы жүктілікті жоспарлау кезінде қандай медициналық тексеруден өту керектігін білмейді. Сондықтан репродуктивті сауаттылықты мектептен, колледждер мен жоғары оқу орындарынан бастап қалыптастыру қажет. Жүктілікке дейінгі кеңес беру, профилактикалық тексеру және бедеулікті ерте анықтау қызметтері әйелдерге де, ерлерге де қолжетімді болуға тиіс.
Мемлекеттің міндеті – жастарды ерте некеге немесе бала тууға асықтыру емес, олардың саналы әрі жауапты ата-ана болуына жағдай жасау.
– Цифрлық зорлық-зомбылық пен онлайн қудалауға қарсы қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Цифрлық зорлықтың салдары виртуалды емес. Телефонды тексеру, пароль талап ету, аккаунттарға заңсыз кіру, геолокацияны бақылау, онлайн аңду, қорқыту немесе жеке материалдарды тарату адамның қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығына нақты зиян келтіреді.
Цифрлық бақылау көбіне психологиялық, экономикалық және физикалық қысыммен қатар жүреді. Әсіресе ажырасу немесе бөлек кету кезеңінде онлайн аңду мен қорқыту қаупі күшейеді.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап сталкинг үшін жауаптылық белгілейтін норма күшіне енді. Ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын жүйелі қудалауға да қолданылады. Сонымен бірге адамды некеге мәжбүрлеу, оның ішінде қызды келісімінсіз алып қашу қылмыстық әрекет ретінде танылды.
2026 жылғы 9 ақпаннан 10 наурызға дейін «Әйелге құрмет – қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші» атты республикалық ақпараттық науқан өткізілді. Оның аясында білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде #QURMET челленджі өтті.
Азаматтар хат алмасуларды, скриншоттарды, қоңыраулар туралы мәліметтерді және басқа электрондық дәлелдерді сақтауы керек. Келесі маңызды міндет – құқық қорғау және әлеуметтік органдар үшін оларды тіркеудің бірыңғай стандарттарын қалыптастыру.
– Көпбалалы және жас отбасыларды қолдауға арналған мемлекеттік тетіктер жеткілікті ме?
– Қазақстанда жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй және жұмыспен қамту бағдарламалары бар. Бірақ олардың тиімділігін бағдарламалар санымен емес, отбасының өмір сапасындағы өзгерістермен бағалау қажет.
Респонденттердің басым бөлігі мемлекет отбасыларға ең алдымен тұрғын үй мен жұмысқа орналасу мәселесінде көмектесуі керек деп санайды. Бұдан кейін ерекше қажеттілігі бар отбасы мүшесіне күтім жасау, сапалы медицина мен білімге қолжетімділік аталған.
Жас отбасыларды тек әлеуметтік көмек алушы топ ретінде қарастыру дұрыс емес. Саясат олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталуы тиіс.
Көпбалалы отбасылар үшін базалық жәрдемақыны сақтай отырып, қосымша көмекті нақты қажеттілікке қарай ұсыну қажет. Тұрғын үй жағдайы, көлік шығындары, ауылдық жерде қызметтерге қолжетімділік және ерекше қажеттілігі бар балаға күтім жасау жүктемесі ескерілуі керек.
Негізгі мақсат – отбасын жәрдемақыға тәуелді ету емес, оның дағдарыстан шығып, тұрақты әрі дербес өмір сүруіне жағдай жасау.
– Жұмыс істейтін аналардың еңбек пен отбасы арасындағы тепе-теңдігін сақтау үшін не өзгеруі керек?
– Бұл мәселені аналардың жеке қиындығы деп қарауға болмайды. Ол еңбек саясатына, демографияға, балалардың әл-ауқатына және гендерлік теңдікке әсер етеді.
Ата-аналардың шамамен 60%-ы балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайды. Әйелдер бала күтіміне байланысты жұмыстан ерлерге қарағанда бірнеше есе жиі кетеді. Соның салдарынан олардың табысы, еңбек өтілі және мансаптық мүмкіндіктері төмендейді.
Баласы бар қызметкердің икемді немесе қашықтан жұмыс істеу туралы өтінішін жұмыс беруші міндетті түрде қарауы тиіс. Қашықтан жұмыс істеу мүмкін болмаса, икемді басталу уақыты, толық емес жұмыс күні, аралас режим немесе қысқартылған жұмыс аптасы қарастырылуы мүмкін.
Кәсіпорындар жанынан балабақшалар мен шағын орталықтар ашып, әкелердің бала күтіміне қатысуын арттыратын жеке төленетін демалыс тетігін қарастырған жөн. Ірі жұмыс берушілерде ай сайынғы төрт сағаттық «ата-ана уақытын» пилоттық негізде енгізуге болады.
– Алдағы уақытта қандай заңнамалық өзгерістер мен бастамалар күтіледі?
– Басты міндет – әйелдер, отбасы және демографиялық саясатты жекелеген жәрдемақылар мен бір реттік шаралар емес, отбасының бүкіл өмірлік кезеңін қамтитын тұтас жүйе ретінде қалыптастыру.
Неке және отбасы саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда баланың мүддесін қорғау, ананың да, әкенің де жауапкершілігін күшейту, ажырасқаннан кейін бала тәрбиесіне екі тараптың қатысуы, алименттік міндеттемелердің орындалуы және баланың пікірін ескеру мәселелері назарда болуы тиіс.
Екінші бағыт – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін күшейту. Сталкинг пен некеге мәжбүрлеуге қатысты нормалардың барлық өңірде біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету қажет.
Үшінші бағыт – еңбек пен отбасылық міндеттерді үйлестіруге жағдай жасау. Икемді жұмыс кестесі, қашықтан немесе толық емес жұмыс істеу, әкелердің бала күтіміне қатысуын ынталандыру еңбек саясатының тұрақты бөлігіне айналуы керек.
Төртінші бағыт – «Бір отбасы – бір жоспар – бір жауапты маман» қағидаты бойынша отбасыларды кешенді сүйемелдеу. Қолдау отбасының нақты жағдайына қарай ұсынылуы тиіс.
Сондай-ақ 2030 жылдан кейінгі кезеңге арналған отбасылық саясат тұжырымдамасын әзірлеу маңызды. Оның негізіне отбасының табысы, тұрғын үй жағдайы, қауіпсіздігі, қарым-қатынас сапасы, еңбек пен отбасы теңгерімі және қызметтердің қолжетімділігін қамтитын ұлттық отбасылық әл-ауқат индексін енгізу ұсынылады.
– Соңғы бір жылда комиссия жұмысында сізге ерекше әсер еткен қандай оқиға болды?
– Маған ерекше әсер еткен оқиғалардың бірі – сталкинг пен некеге мәжбүрлеу, соның ішінде адамды келісімінсіз алып қашу үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі.
Бұл – жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, қоғамның көзқарасы мен құндылықтарының өзгергенін көрсететін маңызды қадам. Бұрын қыз алып қашуды «дәстүр», ал жүйелі аңду мен қудалауды «сезім білдіру» деп ақтауға тырысатын жағдайлар кездесетін. Бүгінде мұндай әрекеттер адамның еркіндігіне, жеке шекарасына және қауіпсіздігіне қол сұғу ретінде бағаланады.
Біз дәстүрден бас тартып отырған жоқпыз. Біз адамның келісімін елемейтін мәжбүрлеуден және архаикалық мінез-құлық үлгілерінен бас тартып келеміз.
Мен үшін негізгі қорытынды – адамның таңдауын, келісімін және «жоқ» деп айту құқығын құрметтемей, қауіпсіз қоғам құру мүмкін емес.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Ең оқылған:
- Ерлан Қарин тойда уағыз айтқан ер адамға қатысты пікір білдірді
- Үш жасар бала куә болған қасірет: Атырауда әйелді өлтірді деген күдікті ер адам ұсталды
- Астанада видео түсіріп тұрып «ашуланған» жігіт 5 тәулікке қамалды
- Қазақстанда 46 жалған диплом және оларды сататын 20 сайт анықталды
- Қазақстан шоколадының дәмі өзгерді ме? Министрлік тексеріс жүргізді
Мақпал ОРЫНБЕК