Астанада жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер алғаш рет үлкен экраннан көрсетіледі.
1-3 қазан аралығында Астанада Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық кинофестивалі өтеді. Фестиваль жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдерге арналған.
2-3 қазанда MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында халықаралық байқаудың 25 финалисі ұсынған фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Олар әлемнің 125 елінен түскен 8 067 өтінімнің арасынан іріктелген.
Финалға шыққан авторлар фестивальге қатысу үшін Қазақстанға келді. Байқау бағдарламасына АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстан авторларының жұмыстары енді.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры – 2 млн доллар. Оның 1 млн доллары Freedom Holding Corp. құрамындағы Freedom Шапағат корпоративтік қорының қаражаты есебінен жеңімпаздарға жүлде ретінде табысталады. Тағы 1 млн доллар жасанды интеллект саласындағы әлеуетті командаларға инвестиция ретінде бағытталады. Бұл қаржы Қазақстандағы кино өндірісі мен жасанды интеллект экожүйесін дамытуға жұмсалады.
Инвестициялық капиталды кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан ұсынды. Ол бұған дейін Coinbase компаниясының техникалық директоры, Andreessen Horowitz (a16z) венчурлік қорының басқарушы серіктесі болған. Сондай-ақ The Network School жобасының негізін қалаған.
Astana AI Film Festival фестивалі 1–3 қазан аралығында Астанада жасанды интеллектке арналған іс-шаралар топтамасын біріктіретін AI Month айлығы аясында өтуде.
AI-кино байқауының финалы өтеді
Astana AI Film Festival фестивалінің қорытынды бағдарламасы аясында байқауға қатысқан авторлар көрермендерге жасанды интеллект көмегімен фильм жасау жолдарын көрсететін практикалық шеберлік сабақтарын өткізеді.
Байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс түскен. Соның 25-і финалдық бағдарламаға өтті. Олар кино саласында жасанды интеллектпен жұмыс істейтін авторлардың халықаралық деңгейдегі жұмыстарын таныстырады. Байқаудың ауқымы мен географиясы жасанды интеллектіні кино саласында қолданудың жаңа бағыт ретінде қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Авторлар фильм жасау тәжірибесімен бөліседі. Олар идеяны әзірлеу мен визуалдық тұжырымдамадан бастап, дайын туындыны жасауға дейінгі шығармашылық үдерісті таныстырады. Қатысушылар фильм авторларынан тікелей тәжірибе алып, сұрақ қоя алады және генеративті жасанды интеллект құралдарының іс жүзінде қалай қолданылатынын көреді.
Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін авторлар жобаны жасаудың жекелеген кезеңдерін көрсетіп, кейіпкерлермен, локациялармен, референстермен және көріністерді генерациялаумен қалай жұмыс істегенін түсіндіреді. Сондай-ақ фильмдерін жасау кезінде қолданған практикалық тәсілдерімен бөліседі.