Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру жүйесіндегі тағы бір өзекті мәселені – оқытушылардың жүктемесі мен жасанды интеллектіні енгізудегі кедергілерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудегі басты кедергі – оқытушылардың шамадан тыс жүктемесі.
Оқытушының жүктемесі шектен тыс көп. Цифрландыру жүргізілді десек те, бюрократия азайған жоқ – ол тек қағаздан электронды форматқа ауысты, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзінше, қазіргі жағдайда оқытушылардың жаңа технологияларды меңгеруге уақыты да, материалдық ынталандыруы да, әдістемелік қолдауы да жеткіліксіз.
Соның салдарынан жүргізіліп жатқан реформалар нақты нәтиже бермей, формалды есепке айналып кету қаупі бар.
Университеттер “100 пайыз қамтыдық” деп, жүздеген мың сертификатпен мақтанады. Бірақ нақты құзыреттер жеткілікті деңгейде дамымайды, – деді депутат.
Аймағамбетов KPI көрсеткіштері көбіне “құрғақ сандарды” ғана өлшейтінін, ал нақты дағдылардың дамуы назардан тыс қалып отырғанын айтты. Сонымен қатар тәуелсіз бақылау тетіктері, соның ішінде прокторинг жүйесі жеткіліксіз екенін атап өтті.
Депутат министрліктің атқарып жатқан жұмысын оң бағалай отырып, қосымша жүйелі шешімдер қажет екенін жеткізді.
Ол қазіргі өзгерістер жағдайында білім беру жүйесінің философиясы да өзгеруі тиіс екенін атап өтті.
Бүгінгі жас буынмен жаңа келісім басқа болуы керек: біз дайын мамандық емес, өмір бойы оқу қабілетін беруіміз керек. Біз оларды ойлануға үйретуіміз қажет, – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, жаңа әлемде жұмыстың бір бөлігін жасанды интеллект атқарады, ал шешім қабылдау жауапкершілігі адамда қалады.
Депутат жасанды интеллектіні қамтымайтын дипломның құны төмендейтінін ашық айтты.
Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді қамтымаған диплом – адамның төрт жыл бойы тек ғимаратқа барып-келгенін растайтын қымбат анықтама ғана, – деді ол.
Осыған байланысты жоғары оқу орындарының қазіргі моделін қайта қарау қажеттігі айтылды. Жаңа университеттер жасанды интеллектіні барлық білім беру бағыттарына енгізуі тиіс.
Аймағамбетов бұл бастамалар елдің стратегиялық мақсаттарымен үндес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған елге айналдыру міндетін қойған.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту негізгі басымдықтардың бірі ретінде бекітілген.
Депутат Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде үлкен әлеует бар екенін айтып, елде сапалы білім беретін мықты университеттер қалыптасқанын атап өтті.
Бізге тек бір нәрсе керек – қай жерде тұрғанымызды шынайы мойындап, алға қарай жүйелі түрде қозғалу, – деді Аймағамбетов.
Оның пікірінше, Қазақстанда бұл мақсатқа жету үшін барлық қажетті алғышарттар бар: талантты жастар, саяси тұрақтылық, мемлекеттік қолдау және жеткілікті ресурстар.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте Асхат Аймағамбетов болашағы жоқ мамандықтарға миллиондар жұмсалып жатқанын айтқан еді.
Сондай-ақ, депутат Аймағамбетов білім жүйесін қайта қарауды ұсынды.