ЕАЭО аясында жүк көліктері үшін шекаралардан өту рәсімі жеңілдетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер еуразиялық көлік дәліздеріне енгізілген автомобиль жолдары бойынша қозғалыс кезінде көлік құралдарының рұқсат етілген массалары, осьтік жүктемелері мен габариттері туралы келісімге қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтады. 2024 жылдың соңында аталмыш маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.
Келісім Еуразиялық көлік дәліздерінің құрамына кіретін ЕАЭО мемлекеттерінің автомобиль жолдары бойынша қозғалатын көлік құралдарының рұқсат етілген массаларына, осьтік жүктемелеріне және габариттеріне бірыңғай талаптарды белгілейді. Мысалы, Қазақстан Республикасында мұндай бағытқа М-32/А-24 Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – Мәртөк – Ресей Федерациясының шекарасы (Орынборға дейін) тас жолы жатады.
Құжат жолдарда көлік құралдарын өткізудің техникалық мүмкіндіктеріне негізделген минималды талаптарды қамтиды. Бүгінгі таңда ЕАЭО елдерінде әртүрлі нормалар қолданылады. Бұл тасымалдаушылар үшін қиындықтар туғыза отырып, белгіленген параметрлерден асып кеткені үшін айыппұл салуға әкеп соғады. Келісімге қол қоя отырып, осы шектеулерді жоюға және еуразиялық көлік дәліздеріне енгізілген жолдармен жүктерді тасымалдау үшін бірыңғай жағдайлар жасауға мүмкіндік туады, - делінген хабарламада.
Осылайша, ЕАЭО шеңберінде отандық жүк иелері мен тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалмақ: көлік құралдарының салмағына, жүктемелері мен өлшемдеріне қойылатын жалпы стандарттар мен талаптар белгіленетін болады. Бұл шекараларды кесіп өту рәсімін жеңілдетіп, көлік операцияларының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырады.
Еске салсақ, Еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттардың тізбесі ЕЭК Алқасының 2021 жылғы 26 қазандағы № 175 өкімімен бекітілген болатын.