Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттары өңірлерде сайлауалды кездесулерін жалғастырды. Оралда кандидат Анаргүл Әбенова жер үлескерлерімен ашық форматта кездесіп, ауыл тұрғындарын толғандырған жер мәселесін талқылады.
Кездесу барысында кандидат партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, азаматтардың ұсыныстарын тыңдады. Жер үлескерлері жер реформасы кезінде алған құқықтарының іс жүзінде қорғалмай отырғанын айтып, мемлекеттік органдардың мәселені жүйелі түрде шешпей келе жатқанын жеткізді.
Соның бірі – «Елена және "Цветущие сады" компаниясы» коммандиттік серіктестігінің директоры Елена Уланова. Оның айтуынша, серіктестік құрамындағы 414 азаматтың жер үлесіне қатысты құқықтары сот шешімдерімен расталғанымен, жер учаскелері әлі күнге дейін берілмеген.
Кездесу қорытындысында үлескерлер ЖСДП-ға жер реформасына республикалық деңгейде құқықтық баға беру, жұмыс тобын құру, өңірлердегі өтініштерді жинақтау, Үкімет пен уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолдау, әкімшілік рәсімдерге мемлекеттік құқықтық аудит жүргізу және құқықтарды қалпына келтірудің арнайы заңнамалық тетігін әзірлеу жөнінде ұсыныстар жолдады. Анаргүл Әбенова бұл талаптарды бақылауына алатынын айтты.
Ал Астанада ЖСДП өкілдері «Таза үй – Таза ел» жобасын таныстырды. Бастама тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және мүлік иелері бірлестіктеріне қосымша табыс көзін жасауға бағытталған.
Жоба аясында аулаларға пластик пен қағазға арналған арнайы контейнерлер орнатылып, жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Жобаға қазірдің өзінде 40 тұрғын үй қосылған, ал жалпы тізімде 130 үй бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама қалдықтарды азайтып қана қоймай, тұрғын үйлердің қажеттіліктеріне жұмсалатын қосымша қаражат қалыптастыруға мүмкіндік береді.