Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров «Самұрық-Қазына» қорын таратып, оның функцияларын салалық министрліктерге беруді ұсынды. Бұл туралы ол Астанада өткен ЖСДП-ның кезектен тыс XXV съезінде партияның сайлауалды бағдарламасының экономикалық блогын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, Үкіметтің жұмысы ең алдымен макроэкономикалық көрсеткіштермен емес, азаматтардың әл-ауқатының нақты жақсаруымен бағалануы тиіс.
Үкіметтің қызметі, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істерімен бағалануы керек. Біз "Самұрық-Қазына" қорын таратуды және оның функцияларын салалық министрліктерге беруді ұсынамыз. Әріптестерім бұған дейін атап өткендей, ЖСДП Қазақстанның білім экономикасына және білім беру, ғылым мен өндірісті бірыңғай инновациялық-инвестициялық үдеріске біріктіретін ақпараттық-цифрлық қоғамға жедел көшуін қолдайды, - деді Талғат Омаров.
Сонымен қатар ЖСДП өкілі монополиялар мен олигополияларға қарсы күресті күшейтуді, дәрі-дәрмек бағасына бақылауды қатаңдатуды, білім экономикасын дамытуды және Қазақстанның шикізат жобаларын іске асыруға қатысуын кеңейтуді ұсынды.