ЖСДП Құрылтай сайлауына арналған бағдарламасын таныстырды

ЖСДП Құрылтай сайлауына арналған жаңа бағдарламасын таныстырды. Партия қандай өзгерістер ұсынып, сайлауда қандай нәтижеге қол жеткізуді көздейді?

 instagram.com/osdp.kz 24 Шілде 2026, 15:25
24 Шілде 2026, 15:25
175
Фото: instagram.com/osdp.kz

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Құрылтай сайлауына арналған «Прогреске бастар 20 белес» атты жаңартылған сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бағдарлама сараптамалық дөңгелек үстел барысында ұсынылды. Кездесуде партия өкілдері мен сарапшылар құжаттың негізгі бағыттарын талқылап, Қазақстандағы саяси партиялардың бағдарламаларына салыстырмалы талдау жасады. Қатысушылар бағдарламаның әлеуметтік, экономикалық және саяси бастамалары жөнінде пікір алмасты.

Партия мүшесі Максим Андрюшин ЖСДП құрылған күннен бері әлеуметтік әділеттілікті қорғау мен қоғамдағы теңсіздікті азайтуды басты ұстаным ретінде сақтап келе жатқанын айтты.

Партияның мақсаттары алғашқы күннен-ақ нақты айқындалды. Олар – әлеуметтік, саяси және экономикалық салаларда әділеттілікке қол жеткізу, мүліктік жіктелуді азайту және кедейлікті жою. Бұл қағидаттар партия құрылған сәттен бастап қызметіміздің негізіне айналды, – деді Максим Андрюшин.

Партияның сайлауалды бастамалары қатарында стратегиялық салаларға мемлекеттік бақылауды күшейту, монополиялармен күресу, ауыл шаруашылығы мен отандық өндірісті қолдау және өнеркәсіпті жаңғырту бар. Сонымен қатар бағдарламада әлеуметтік теңсіздікті қысқарту мен экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық берілген.

ЖСДП төрағасы Асқар Рахымжанов сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі кәсіби парламент қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа саяси мәдениет, депутаттардың жауапкершілігі және сайлаушылар алдындағы есептілік жаңарған парламентаризмнің негізіне айналуға тиіс.

VIII шақырылым депутаттарының жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, депутаттар қалай жұмыс істеуі және саяси партия өкілі қандай болуы керектігі жөнінде белгілі бір түсінік қалыптасты. Сондықтан сайлауалды бағдарламаның бесінші тармағына кәсіби парламент туралы ұсыныс енгіздік. Онда жаңа саяси мәдениет пен жаңарған парламентаризмді қалыптастыруға арналған тұжырымдама ұсынылады, – деді Асқар Рахымжанов.

ЖСДП-ның Құрылтай сайлауына арналған партиялық тізіміне 33 кандидат енгізілген. Партия сайлауда кемінде 10 пайыз дауыс алуды жоспарлап отыр.

Наверх