ЖСДП Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасына кезең-кезеңімен көшуді ұсынды

Партия өкілі халықтың табысын төмендетпей, жұмыс аптасының ұзақтығын қысқартуды қолдайтынын атап өтті.

Бүгiн 2026, 13:06
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан Бүгiн 2026, 13:06
Бүгiн 2026, 13:06
105
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Қазақстанда азаматтардың табысын төмендетпей, төрт күндік жұмыс аптасына кезең-кезеңімен көшуді ұсынды. Бұл туралы ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов партияның Астанада өткен кезектен тыс XXV съезі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаның экономикалық блогында еңбек адамына, лайықты жалақыға және қауіпсіз еңбек жағдайына ерекше назар аударылған.

Біздің бағдарламада еңбек адамына ерекше мән беріледі. Бұл – лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы, жаңа жұмыс орындарын құру, - деді Насибулов.

Ол сондай-ақ партия халықтың табыс деңгейін төмендетпей, жұмыс аптасының ұзақтығын қысқартуды қолдайтынын атап өтті.

Біз азаматтардың табысын төмендетпей, төрт күндік жұмыс аптасына кезең-кезеңімен көшуді қолдаймыз, - деді ЖСДП Орталық аппаратының басшысы.

Сонымен қатар партия ауылдық аумақтарды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға және ауыл тұрғындары үшін заманауи өмір сүру жағдайларын жасауға қолдау білдіреді.

ЖСДП-ның кезектен тыс XXV съезі 8 шілде күні Астанада өтіп жатыр. Делегаттар партияның сайлауалды платформасын талқылап, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін бекітуде.

Наверх