Жосықсыз қатысушылар бидай нарығында жасанды дүрлікпе тудырып отыр – ҚР АШМ

19 Наурыз 2022, 21:48
2305
Бөлісу:
Жосықсыз қатысушылар бидай нарығында жасанды дүрлікпе тудырып отыр – ҚР АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы уақытта ұн өндіру үшін астық тапшылығы туралы ақпарат жиі таратылып жатқанына назар аударады.

ҚР АШМ және министрліктің ресми тұлғалары Қазақстанда астық қоры жеткілікті және тапшылықтың туындау қаупі жоқ екенін бірнеше рет хабарлаған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды және нарыққа қатысушыларға қысым жасау әрекеті, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестіктің көрінісі болып табылады.

Министрлік Ресей Федерациясымен шекаралас облыстардың ұн тартқыштары шикізат ретінде сырттан әкелінетін бидайды пайдаланғанын атап өтеді. Ресей Федарациясы тарапынан күшіне енгізілген экспортқа шығару туралы шектеулерге байланысты, бұрын жасалған келісім-шарттар арқылы белгіленген бидай көлемі қолжетімсіз болып отыр. Осыған байланысты, үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін өндірушілер отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бидайды жеткізу үшін келісімшарттар жасасу мүмкіндігін пысықтап жатыр.

ҚР АШМ ішкі нарықта сырттан әкелінетін шикізатты алмастыруға қауқарлы шикізаттың қажетті көлемі бар екенін хабарлайды. Республикада 7,4 млн тонна бидай бар. Елдің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін (егіс қажеттіліктері, жемшөп, азық-түлік тұтыну және өнеркәсіптік өңдеу) 3,7 миллион тонна бидай қажет. Осылайша, қолда бар қорлар елдің бидайға деген екі жылдық қажеттілігін жабады.

Қазіргі уақытта ұн өндірушілер мен бидай жеткізушілер сату бағасы туралы келісіп жатыр. Әлемдік бидай нарығы құбылып жатқан кезде тараптардың әрқайсысы БАҚ пен әлеуметтік желілерді өзара қысым жасау құралы ретінде пайдалана отырып, ақпараттық кеңістікке сенімсіз ақпаратты таратады. Сол арқылы дүрлікпе жағдай жасай отырып, неғұрлым тиімді баға алуға тырысады.

Сондай-ақ, министрлік Қазақстан ұн қорының жеткілікті мөлшеріне ие екенін хабарлайды. 137,9 мың тонна ұн бар, оның ішінде өңірлік тұрақтандыру қорларында 11,2 мың тонна, сауда объектілерінде 53,2 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда 52,8 мың тонна, қоймаларда 20,7 мың тонна бар.

Қосымша, министрлікте «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-да 600 мың тонна астық бар, ол 450 мың тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді.

Министрлік нарық қатысушыларын қазіргі жағдайды пайдаланып, үстеме пайда табу үшін жағдайды ушықтырмауға және әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырады.

Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отыр, елдегі ұн мен бидай тапшылығына жол бермейді. Тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы