Елордадағы Өнер музейінде Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған кездесу өтті. Тағылымды жиынға мемлекет және әскери сала өкілдері қатысып, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен ашық әңгіме өрбітті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесуге Қазақстанның мемлекет және әскери қайраткерлері, соның ішінде Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев арнайы ат басын бұрды. Сонымен қатар әскери салада қызмет атқарып жүрген мамандар да бас қосты.
Іс-шара барысында қонақтар мен жасөспірімдер музей қорымен танысып, ұлттық музыкалық мұраға қатысты тың деректер алды.
Көрме аясында сирек кездесетін, қайта жаңғыртылған аспаптармен қатар, бұрын әскери мақсатта қолданылған жорықтық құралдар жайында да мәлімет ұсынылды.
Кездесу тек таныстырумен шектелмей, көрермендер көне аспаптардың үнін тыңдауға мүмкіндік алды. Музей жанынан құрылған JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP мультиаспаптық ансамблі келушілерге ұлттық аспаптарды таныстырып қана қоймай, сол аспаптармен шығармалар орындады. Ұжым мүшелері сирек қолданылатын аспаптарға арнайы әуендер жазып, оларды сахналық форматта ұсынып жүр. Атап өтетін жайт, әртістер өз аспаптарын өздері жасап, авторлық композициялар шығарады.
Кездесуде музыкалық шығармалар орындалып, әрбір аспаптың тарихы мен қолданыс ерекшелігі жанжақты түсіндірілді.
Бүгінгі кездесу Қарулы күштер күні қарсаңында өтіп отыр. Кездесу барысында әскери мақсатта қолданылған ұлттық музыкалық аспаптарымыздың үнін тыңдап, үлкен әсер алдық. Бабалар өмір сүрген ғасырға барып келгендей болдық. Мұндай жиындарды өткізу жастарымыз үшін де маңызды. Келе жатқан Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Еліміз аман болсын! – деп ағынан жарылды армия генералы Мұхтар Алтынбаев.
Кездесуге келген жастардың да алған әсері ұшан-теңіз.
7 мамыр күніне орай ұйымдастырылған әскери қайраткерлермен кездесуден үлкен әсер алдым. Соғыс уақытында қолданылған аспаптарды көріп, күйлерді тыңдадым. Маған өте қатты ұнады. Бойыма рух берді, денем тітіркеніп, ішімде рух оянды. Бабаларымыз өмір сүрген ғасырға барып келгендей сезімде болдым, - дейді «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қатысушысы Әмина Тұрғын.
Өнер музейі экспозициясында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының кең ауқымы қойылған. Әсіресе сирек сақталған әрі ұмыт бола бастаған үлгілерге басымдық берілген. Көне ұрмалы-соқпалы және сілкімелі аспаптардың жиырмадан астам түрі бар. Ал үрмелі аспаптардың ішінде сазсырнайдың әлемде кездесетін 400-ден астам нұсқасы көрермен назарына ұсынылған. Сонымен қатар түркі халықтарына ортақ музыкалық аспаптардың да бірнеше үлгісі бар.
Көрмеде желбауыз, мес сырнай, уілдек, тастауық, дабыл, кепшік, керней, бұғышақ, нар дауылпаз секілді сирек кездесетін аспаптар, сондай-ақ сыбызғының алпыстан астам түрі қойылған.
Музейде ұлттық киімдер мен бас киімдерге арналған арнайы экспозиция да жасақталған.