Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен «ЖОО үздік оқытушысы-2021» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Республикалық байқау қорытындысы бойынша 45 отандық ЖОО-ның 150 оқытушысы үздік деп танылған. Жеңімпаздардың әрқайсысына 6 млн теңге шамасында сыйақы мен арнайы төсбелгі табысталады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында өткен салтанатты шарада министр оқытушыларды құттықтап, ғылым саласында болып жатқан өзгерістер жайлы баяндады.
Барлықтарыңызды жоғары оқу орынының үздік оқытушысы атағын жеңіп алуларыңызбен құттықтаймын. Бұл әрине үлкен мәртебе, маңызы бар атақ. Ұстаздардың қоғамымызда алатын орны үлкен. Әділетті қоғам болу үшін, мықты мемлекет болу үшін, Жаңа Қазақстанды құру үшін ұстаздардың орны ерекше,-деп атап өтті А. Аймағамбетов.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауының арқасында білім және ғылым саласында оң өзгерістер болып жатқанын айтты.
Педагогтердің мәртебесін көтеру бойынша кешенді шаралар іске асып жатыр. Мәселен, мектеп мұғалімдерінің жалақысын көтеру, қағазбастылықтан, өзіне тән емес жұмыстардан бостау бойынша іс-шаралар қабылданып, бүгін білім саласын алға жылжытуда. Оған қоса ЖОО-ның оқытушыларын қолдау бойынша да кешенді шаралар іске асып жатыр. Алдыңғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Білім және ғылым министрлігі арнайы бұйрық қабылдап, университеттер бойынша біз ең төменгі жалақының көлемін бекіттік. Ол бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сапаны қамтамасыз етеміз десек жалақы мәселесін де шешуіміз қажет,-деді министр.
Аймағамбетов сондай-ақ биыл ғылым саласында жаңа сыйлықты бере бастағандарын жеткізді, бұған дейін мұндай болмаған. Енді жыл сайын ең үздік ғылыми қызметкерлер де салтанатты түрде марапатталып, бір реттік үстемақы алатын болады. Бұл үрдіс ары қарай жалғаса бермек.