Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғары оқу орындарының білім беру нарығында бәсекесі күшейіп жатыр. 2020 жылы Қазақстанда жоғары оқу орындарының бағдарламасы 17 критерий бойынша қаралды.
«Атамекен» ҰКП баспасөз қызметінің хабарлауынша, 600-ден аса сарапшы қатысып, 2 мың білім беру бағдарламасы мен 68 мың түлектің жұмысқа орналасуына талдау жүргізілді. Нәтижесінде 108 университет бойынша 6 мың сараптамалық қорытынды шығарылды.
Былтыр жоғары оқу орындарының рейтингінде бакалавриат бағдарламасы қарастырылды. 68 мың түлектің оқуды бітіргеннен кейін немен айналысқаны анықталды. Олардың 12%-ы магистратурада оқуын жалғастырған, қалғаны нарықтан жұмыс іздеген. Түлектердің 71%-ы түрлі сала бойынша жұмысқа орналасқан. «Денсаулық сақтау» және «медицина» бағыты бойынша білім алғандардың 81%-ы мамандығы бойынша қызметке кіріскен.
Алайда жұмысқа орналасқандардың арасында ең төмен көрсеткіш аграрлық салада болып тұр. Неге бұл сала мамандары жұмысқа орналасуда қиындыққа тап болды? Оның бірнеше себебі бар: жалақы төмен, карьера жасай алмайды, білім беру бағдарламасы әлсіз. 2019 жылы ауыл шаруашылығы саласының 1,5 мың жас маманы жоғары білім туралы диплом алған. Жыл сайын бұл салада даярланатын маман саны артып отырғанымен, түлектердің 5-10% жұмысқа тұрады.
Жұмыс берушілер жаңадан жұмысқа келгендердің біліміне толық қанағаттанбайды. Бұл көрсеткіш не бары 52% болып отыр. Дегенмен салыстырмалы түрде жыл сайын артып келеді: 2018 жылы 27,4%, ал 2019 жылы 32,6% қанағаттанған.
Ал мына сілтеме арқылы ЖОО рейтингіне қатысты толық мәлімет алуға болады.
Айта кетейік, әлем университеттерінің рейтингі 30 жылдан астам уақыттан бері жасалып келеді. Университеттердің алғашқы халықаралық рейтингі 2003 жылы пайда болып, тек жоғары оқу орындарының емес, сондай-ақ түрлі елдің үкіметі мен жұртшылығының жіті назарында болды. Бүгінде дүние жүзі бойынша түрлі бағытқа байланысты университеттер рейтингі жасалады. Сәйкесінше білім беру сапасы мен оқуды аяқтаған студенттерді жұмысқа орналастыру деңгейі көтерілді.
Қазақстанда университеттердің рейтингі – қазақстандық жоғары мектептер үшін жаңа саты. Елімізде жоғары оқу орындарының рейтингі бірнеше себеп бойынша іріктеле бастады. Бұл ең алдымен үкіметтің жоғары білім берудің ұлттық жүйесін реформалау жоспарына және жоғары оқу орындарын саралау қажеттілігіне байланысты болды.
Қоғамда жоғары білімге деген сұраныспен қатар еңбек нарығындағы мамандарға деген сұраныс артып келе жатыр. Сондықтан азаматтар жоғары оқу орнындағы білім сапасы туралы қолжетімді және шынайы ақпаратты білуге мүдделі. Яғни мектеп түлегі жоғары оқу орнын таңдайтын кезде, «бітіргеннен кейін жұмыс таба аламын ба» деген сұрақтың жауабын ала алатын университетті таңдауы тиіс. Ол үшін ЖОО рейтингі керек. Себебі саны бар, сапасы жоқ университеттерге миллиондап ақша төлеген студенттер оқуды тәмамдаған соң жұмыссыз қалады.
ЖОО түлегі жұмыс істеу үшін кәсіпкерлердің мекемесіне орналасады. Сондықтан «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің талабы мен ұсынысын қабылдайды. Кәсіпкерлер білімді әрі қабілетті түлекті жұмысқа қабылдауға мүдделі.