ЖОО-ға арналған инклюзивті білім беру тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

10 Қазан 2022, 20:47
1224
Бөлісу:
ЖОО-ға арналған инклюзивті білім беру тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

Қазір еліміз бойынша 78 университетте 1588 мүмкіндігі шектеулі студент білім алып жатыр.  Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек осылай деп мәлім етті, деп жазады  BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда жоғары білім және ғылым саласында инклюзивті ортаны одан әрі жетілдіре түсу үшін жұмыс тобын құрып тұжырымдама әзірлеуге кірістік. Аталған тұжырымдаманы әзірлеуге ЖОО оқытушылары, сарапшылар мен сала мамандары және қоғам белсенділері тартылды. Сонымен қатар жұмыс тобының құрамында Парламент Сенатының мүшелері де бар. Еліміздің жоғары оқу орындары, жоғары білім беруден кейінгі ұйымдар мен ғылыммен айналысатын мекемелерге арналған инклюзивті білім беру тұжырымдамасы қабылданатын болады, - деді Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбектің атап өтуінше, тұжырымдаманы әзірлеудегі мақсат – жоғары білім және ғылым саласында мүгедек, ерекше күтімді талап ететін жандарға жағдай жасап, толық қолжетімділікті қамту.

Ведомство басшысының мәліметіне сәйкес, қазір еліміз бойынша 78 университетте 1588 мүмкіндігі шектеулі студент білім алып жатыр.

Биыл ерекше жандарға арнайы 497 мемлекеттік грант бөлінді. Гранттар арнайы квота арқылы белгіленді. Одан бөлек, ерекше жандарды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне 1187 грант бөлінді. Біз ерекше күтімді талап ететін және мүгедектігі бар білім алушыларға тек инфрақұрылым жағынан ғана емес, толыққанды жағдай жасауды көздейміз. Яғни тиісті кадрмен қамту, материалдық база мен лабораторияны жетілдіру, сол сияқты оқу-әдістемелік материалдарды қайта жетілдіру, - дейді министр.

Өзгелердің жаңалығы