Қазақстанда әлеуметтік желілерде бал ашу, көріпкелдік және басқа да ғылыми тұрғыдан расталмаған қызметтерді жарнамалайтын контентке арнайы ескерту енгізу ұсынылып отыр. Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан мұндай ақпаратты заңдық деңгейде реттеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бүгінде әлеуметтік желілерде «қарғыстан арылтамын», «жолыңызды ашып беремін», «болашағыңызды болжап беремін» деген мазмұндағы жарияланымдар көбейген. Оның пікірінше, мұндай контент қоғамды жаңылыстырып, адамдар арасында дүрбелең тудыруы мүмкін.
Қарғыстан арылтып беремін, жолыңызды ашып беремін, болашағыңызды болжап беремін, көріпкелмін немесе алда сұрапыл соғыл келеді деп елді дүрліктіретін контенттер әлеуметтік желілерде қаптап кетті. Бұл – оккульттік қызметтер, – деді Жанарбек Әшімжанов Құрылтайдағы брифингте.
Депутат ата-баба дәстүрінде сынықшылық сияқты тәжірибелер болғанын да атап өтті. Алайда оның айтуынша, әлеуметтік желілерде таралып жатқан, адамдарды бір-біріне қарсы қоятын және қоғамда алаңдаушылық тудыратын контентті заң аясында реттеу қажет.
Оккульттік қызметтерге қандай талап қойылады?
Еске сала кетейік, онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобасында «оккульттік қызметтер» деген жаңа ұғым енгізу көзделген.
Оған табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттер туралы мәлімдемелерге негізделген қызметтер жатады.
Заң жобасына сәйкес, мұндай қызметтер туралы контент оның ойын-сауық сипатында екенін және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағанын көрсететін арнайы ескертумен сүйемелденуге тиіс.
Бұл норма әлеуметтік желілердегі оккульттік қызметтер туралы ақпаратты белгілеу тәртібін заңнамалық деңгейде реттеуге бағытталған.