Жолдауға 1 жыл: Жаңа облыстарды құруда кешенді жұмыс жүргізілді - вице-министр

16 Наурыз 2023, 19:31
1618
Бөлісу:
Жолдауға 1 жыл: Жаңа облыстарды құруда кешенді жұмыс жүргізілді - вице-министр
Фото: www.primeminister.kz

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Президент Жолдауы аясында орындалып жатқан реформаларға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетейік, бүгін, яғни 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанына тура бір жыл толды.  

Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Мемлекеттік орган өкілдерін қамти отырып, арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Жалпы Мемлекет басшысының жаңа облыстарды құруға қатысты бастамасы халық арасынан (жергілікті қауымдастықтан), қоғам өкілдерінен, қарастырылып отырған өңірлердің аудандық және облыстық деңгейдегі депутаттарынан қолдау тапты. Былтыр 3 мамырда Мемлекет басшысы Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды қарастыратын «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Сонымен қатар вице-министр бүгінгі таңда қайта құрылған облыстарда аумақтық мемлекеттік органдар құрылып, облыстық мәслихаттардың қайта ұйымдастырылғанын мысалға келтірді. Сондай-ақ жергілікті бюджетті бөлу мен республикалық бюджеттің трансферті жүргізілген. 

Жаңа облыстардың жергілікті бюджеттерінің теңгерімдігін қамтамасыз ету туралы Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Одан басқа, мемлекеттік органдардың сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа орынға орналастырылған мемлекеттік қызметшілер үшін  жағдай жасау мақсатында ҚР Президенті резервінен қаржы бөлуді қарастыратын қаулылар қатары қабылданды. Атап айтқанда, еңбекақы төлеу қорын қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органдардың 483 штаттық бірлігіне қосымша 1,6 млрд теңге, қайта құрылған мемлекеттік органдарды ұстау мен тұрғын үй жалдауға, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне ғимарат пен қызметтік көліктерді сатып алуға 8,7 млрд теңге бөлінді. Жаңа орынға орналастырылған мемлекеттік қызметкерлерді орналастыру үшін коммуналдық жекеменшікке тұрғын үй сатып алуға 8,3 млрд теңге бағытталды, - деді Бауыржан Омарбеков. 

Өзгелердің жаңалығы