Жолдау және ауыл медицинасы

15 Қазан 2022, 11:55
9163
Бөлісу:
Жолдау және ауыл медицинасы
PHOTO

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі денсаулық сақтау саласына айрықша тоқталған болатын, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Енді осы мәселеге қатысты еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қандай әрекеттер жасап жатыр екен дегенге көңіл бөліп көрейікші.

Ауыл әлі де денсаулық кепілі ме?

Дәл қазіргі таңда ел халқының 50 пайызға жетпейтін бөлігі ауылда тұрады. Анығырақ айтсақ 7,8 млн адам, яғни халықтың 41 %-ы ауылда өмір сүріп жатыр деген сөз.

Жолдау және ауыл медицинасы
zhanaqorgan-tynysy.kz

«Ауыл – ел бесігі» дегенді жиі айтамыз. Алайда, сол бесікте тербелгендер «қартайып» бара жатқан секлді. Себебі Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне қарағанда ауыл халқының 38%-ы балалар, 62%-ы ересек адамдар екен. Бір сүйінерлігі, ауылдағы аналардың бала туу жасындағылары – 1,7 млн-нан асатыны. Яғни ауылдағы 7,8 млн халықтың 22%-ы еліміздің санын еселеуге қабілетті.

Ал денсаулық сақтау саласының басшысы «елімізде ауылдық медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы дамыған» - деп отыр.

Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым, оның ішінде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1000-нан астам дәрігерлік амбулатория, 200-ден астам емхана және 203 аурухана медициналық көмек көрсетеді – дейді Ажар Ғинаятқызы.

Ауылдағы халықтың денсаулығына қатысты бір қуанарлығы, ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы қала тұрғындарына қарағанда айтарлықтай жоғары екенін байқауға болады. Мысалы 2021 жылғы қорытындыға қарағанда еліміз бойынша орташа өмір сүру – 70,23 жас болса, қалалықтар – 69,91, ауылдағылар – 70,79 жас жасайды.

2021 жылы ауылдарда туу деңгейі қалаға қарағанда жоғары болды. биылғы 7 айдың қортындысы бойынша республикалық көрсеткіштен 5%-ға жоғары. Мысалы еліміз бойынша 1000 тұрғынға шаққанда - 19,9 болса, ауылда – 20,9 пайыз – дейді министр.

Ана өлімі азайды

Ауылдағы денсаулық саласының тағы бір көз қуантып, көңіл жайлар артықшылығы – ана өлімінің жыл санап азайып келе жатқандығы. Мысалы былтырмен салыстырғанда, жалпы өлім көрсеткішінің 14 %-ға төмендеген. 2021 жалдың 7 айында – 7,89 болса, 2022 жылдың 7 айында – 6,78 айызға азайған.

Жолдау және ауыл медицинасы
UNICEF/2016/Andrey Kim

Бұл көрсеткіш ел бойынша ғана емес, ауыл мен қала арасында да айтарлықтай айырмашылық барын байқатады. Мысалы осы жылдың 6 айында қалада ана өлімінің көрсеткіші 13,9 пайыз болса, ауылда 6,5 пайыз, яғни ауылда ана өлімі қалаға қарағанда 2 есе төмен деуге болады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің басты құндылығы – адам екенін, бұның айқын нәрсе екенін айтқан болатын.

Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды – деді Мемлекет басшысы.

Алайда биыл ауылда нәресте өлімі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 30,6%-ға көбейгені байқалады. Мысалы 2021 жылғы 7 айда – 4,66 пайыз болса, биылғы 7 айда – 6,09 пайызға өскен.

Десе де бала өлімі қаламен салыстырғанда ауылда 38,7% аз. 2022 жылдың 7 айында ауыл - 6,09 болса, қалада – 9,95 пайыз. 

Министрдің сөзіне қарағанда нәрестенің шетінеуі аналардың денсаулығына тікелей байланысты.

Ана денсаулығын сақтап, сәби денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдерді босанғанға дейін жеке және дисциплинааралық бақылаумен қамту ұлғайды. Мысалы 2021 жылы 80 пайыз болса, биыл 82%-ға жетіп отыр. Оның сыртында жүктілікті ерте анықтау коэффициенті, яғни 10 аптаға дейін жүкті екенін анықтау 11%-ға өсіп, 40%-ға жеткен. Мысал үшін айта кетейін, 2021 жылы бұл көрсеткіш 36% болатын. Жүктілік уақытын ерте анықтау – ананың аяғы ауыр кезде болатын ықтимал асқынуларды уақтылы анықтауға және болжауға мүмкіндік берді – дейді Ажар Ғиниятқызы.

Министрлік нәресте өлімін азайту, тірілерінің денсаулығын жақсарту үшін елімізде бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтады.

Атап айтқанда, жыл сайын ауруын анықтап, даму бұзылыстарын дер кезінде бақылау үшін 3,1 млн-нан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді. Оның сыртында 1,6 млн-нан астам «шалабайға» скринингтік зерттеу жүргізіледі – дейді министрлік.

Ауыл халқы немен ауырады?

Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады – деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Жолдау және ауыл медицинасы
ulytaynews.kz

Осы орайда ауыл халқы немен сырқаттануы мүмкін деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, қалалықтар үшін ауыл тұрғындары «таза ауа жұтып, ақ тағам жеп, табиғи өнімдерді ғана тұтынатын» оригинал пенделер болып елестейді. Десе де, шикі ет ауырмаққа дегендей, пенде болған соң ауру-сырқау болмай тұрмайды ғой. 

Олай болса, осы жерде министрлік мәліметтеріне жүгіне отырып, біраз санды «сөйлетіп» көрейік.

Бір қызығы, ауылдағылардың көбі тыныс алу ағзаларының ауруларынан зардап шегеді екен. Сырқат жандардың 42,7% тыныс жолы дертіне шипа іздесе, 9% - ас қорыту, 6,3 пайызы – несеп-жыныс жүйесі – 6,3%, 5,4% - қанайналым жүйесінің аурулары, 4,6% - жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен уланулар болса, 1 пайызы онкологиялық аурулармен күресіп жүр.

Ауылда, жалпы ел бойынша, өлім көрсеткішінің құрылымында қанайналым жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктен, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім басым. Коронавирус инфекциясы пандемиясының жалпы халық денсаулығының негізгі көрсеткіштеріне әсер еткенін атап өткен жөн. Сонымен бірге, ауылда денсаулық сақтауда бірқатар проблемалық мәселелер бар – дейді министр.

Министрдің мәліметіне қарағанда, ауыл тұрғындарының арасында динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің жеткіліксіздігі байқалады. Оның сыртында, созылмалы сырқаты бар жандарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қала тұрғындарымен салыстырғанда 2 есе аз. Тіпті кейбір ауылда дәріхана деген атымен жоқ.

Кетеуі кеткен медпунктер

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміз бойынша 650-ден астам ауылда емдеу мекемесі жоғын айтқан болатын.

Жолдау және ауыл медицинасы
Асет Кундакбаев

Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды – деген болатын Президент.

Ал ауылдағы денсаулық мекемелерін кадрмен қамтамасыз етуді талдау барысында 1700-ден астам медицина қызметкерінің, оның ішінде 1000-нан астам дәрігердің, 730-дан астам медбикенің жетіспейтіні анықталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы объектілерге инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық мекеме жоқ, 400-ге жуық ауылда медициналық мекеме жалға алынған немесе апаттық, тіпті осы салаға бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ауылдық медициналық-санитариялық алғашқы көмектің медициналық инфрақұрылымының 50%-дан астамы тозған – дейді министр.

Ауылдағы ақ қалаттылар

Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Жолдау және ауыл медицинасы
ашық дереккөз

Министрлік мәліметіне қарағанда, медициналық кадрларды ауылға тарту мақсатында, ауылға жұмысқа келген жас маман міндетті түрде кемінде 3 жыл сол ауылда жұмыс істеуі керек. Сондай нормасы қабылданды. Ал ауылға келген әрбір дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Тіпті СҚО мен Қостанай облыстарының әкімдіктер 3-5 миллионға дейін жәрдемақы беруге дайын.

Дегенмен Ажар Ғиниятқызы ауылға баратын дәрігерлерді әлеуметтік қолдауды әлі де күшейту қажет дейді.

Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медициналық кадрды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы, гранттар бөлінеді, түлектерді бөлу жүзеге асырылады. Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді – дейді ол.

Еліміз бойынша 10 мың тұрғынға 41 дәрігерден келеді. Ал ауылды дәрігермен қамтамасыз ету көрсеткіші - 17,2. Дегенмен бұл да жаман көрсеткіш емес. Себебі ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 30-дың айналасында ғана.

Керісінше ауыл халқы орта медицина қызметкерлерімен жақсы қамтамасыз етілген. Мысалы 10 мың халыққа шаққанда еліміз бойынша 98,7 медқызметкер болса, ауылда - 87,2. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл көрсеткіш ЭЫДҰ  елдерінде 91 медқызметкерден.

Айтпақшы, Мемлекет басшысы үш жылда резидентураға берілетін гранттар санын жыл сайын 70%-ға ұлғайтып отыруды тапсырған. 

Ал министрлік бұл тұрғыда ауылда резиденттер міндетті практикадан өту үшін «Резиденттер ауылға» пилоттық жобасы пысықталып жатқанын айтады.

Биыл практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 2981 жас маман, оның ішінде ауылға – 797 адам бөлінді. Осылайша, маман тапшылығын азайту 61%-ға дейін төмендеді. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мамандардың ауылға баруын бақылауға алады – дейді Ажар Ғиниятқызы.

Осы орайда, ауылға келген маманның сол өңірде тұрақтап қалуын, сіңісіп кетуін жергілікті органдар қадағалауға алып, жағдайын жасап бермесе, министрліктің бір өзі ештеңе істей алмайтынын да атап өткен дұрыс шығар...

Жедел жәрдем жедел ме?

...Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады – деді Мемлекет басшысы.

Жолдау және ауыл медицинасы
Facebook/Талдыкорганец парақшасы

Әрине, ұланғайыр алқапты иеленіп отырмыз. Дегенмен, осы даланы жан мен малға толтыру үшін дені сау ұрпақ керек. Әйтпесе, кейбір өңірлерде ең жақын деген ауылдардың арасының өзі 100-200 шақырым. 

Министрлік шалғай ауылдардың тұрғындарын медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы медицинаның дамығанын айтады.

Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Оның сыртында, биыл еліміздің Атырау, Ақтөбе, Алматы, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау облыстары қатарлы 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды – дейді министр.

Сонымен қатар, еліміздегі шалғай өңірлерге, төтенше жағдай кездерінде қызмет көрсететін 20 ұшақ, 13 тікұшақ бар. Медициналық авиация ауыл тұрғындарын тасымалдауға әрқашан дайын. Сонымен бірге биыл жыл басынан бері 1,5 млн шақыруға қызмет көрсеткен 600-ге жуық жедел медициналық көмек бригадамы жұмыс істейді.

Медқызметтің сапасы сын көтере ме?

Министрліктің мәліметіне қарағанда, ауылдағы медициналық көмек сапасын жақсарту үшін министрлік ДДСҰ мақұлдаған «адамға немесе пациентке бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізіліп жатқан көрінеді.

Жолдау және ауыл медицинасы
ашық дереккөз

Мысалы, жоба аясында пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтану, өмір салтын үйрету, әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту кабинеттері қатарлы жоспарлар бар.

Сонымен қатар, емханаларда жұмыс істейтін мейіргерлердің функциялары кеңейтілді. Олар рецепт жазудан, құжат ресімдеуден басқа, созылмалы сырқаты бар пациенттердің динамикасын қадағалайды, пациенттердің проблемаларын шешуді жоспарлайды – дейді министр.

ДДСҰ өзінің Еуропалық аймағының үш елінде – Қазақстан, Испания және Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты. Біздің елдегі алаң Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық емханасында орналасты. Бұл алаң ДДСҰ-ның еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болатынын атап өтуге болады.

Емханалар деңгейінде үздік тәжірибелерді енгізумен қатар, көпбейінді орталық аудандық ауруханалар деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр. Әлемдік және отандық тәжірибеде қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері оның ішінде операциялық аз инвазивті араласулар, диагностикалық және емдік лапароскопия, холецистэктомия, аппендэктомия, герниопластика, артроскопия, интрамедулярлық остеосинтездер және т. б. енгізілген Аягөз көпбейінді аудандық орталық ауруханасындағы стандартты енгізу мен іске асырудың ең үздік тәжірибесін атап өткен жөн – дейді Ажар Ғиниятқызы.

Бұл емхана қазіргі кезде еліміздің СҚО, Ақмола, Жамбыл және басқа да өңірлерінен келген әріптестеріне өз тәжірибесін ұсынып келеді.

Коронавирустан кейінгі ауыл

Жолдау және ауыл медицинасы
ortalyq.kz

Коронавирус індеті кезіндегі шектеу шаралары ауыл тұрғындарының мамандандырылған медициналық көмек алуына айтарлықтай кедергі келтірді. Министрлік бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында ауруларды ерте анықтап, уақтылы емдеу үшін ауқымды профилактикалық тексерулер жүргізіп жатыр. Әсіресе тұрғындардың денсаулығын жынысы мен жасына қарай талдауды ескере отырып, нысаналы топ пен ауыл тұрғындарын скринингтеу қызметінің тізбесі кеңейтілді. Мысалы туғаннан 18 жасқа дейігі – «Балалар», 18 жастан 29 жасқа дейін – «Жастар», 30 жастан 44 жасқа дейін – «Еңбек-1», 45 жастан 65 жасқа дейін – «Еңбек-2» және  66 жастан жоғары - «Зейнеткер» деген секілді арнайы топтарға жіктеп қарастыру жүргізіле бастады.

15 қыркүйектен бастап Қарағанды облысы Абай ауданының, Ақмола облысы Аршалы ауданының және Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық орталық ауруханаларында пилоттық жоба басталды. Ал 20 қазаннан бастап еліміздің барлық ауылында профилактикалық тексеру қолға алынады – дейді министр.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, профилактикалық тексерудің негізгі мақсаты – жүрек-қантамыр ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы сырқатын алдын-ала анықтауға бағытталған.

Денсаулық және заңнама

Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті – деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Жолдау және ауыл медицинасы
ашық дереккөз

Биыл ел халқын медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, сапасын жақсартуға бағытталған бірнеше заңнамалық норма қабылданды.

Мысалы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілердің қолжетімділігін арттыру үшін салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру жөніндегі норма енгізілді. Сақтандырылмаған азаматтарды қамту және МӘМС жүйесінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға толықтырулар енгізілді – дейді сала басшысы.

Ауыл медицинасы және цифрлы әлем

Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады – деген еді ел Президенті өз Жолдауында.

Жолдау және ауыл медицинасы

Ал министрлік ауылдағы денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша біраз істің атқарылып жатқанын айтады.

Ауылдағы денсаулық сақтау мекемелерінің 87,2%-ы интернетке қосылған, жұмыс орындарының 98,5%-ы компьютерлермен жабдықталған, 98,2%-ына госпитальдық ақпараттық жүйе енгізген – дейді Ажар Ғиниятқызы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында: Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған – деген болатын. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының пилоттық нұсқасын іске асыру аясында қашықтан медициналық қызмет көрсету форматына ауыстыруды жоспарлап отыр.

Бұл медицина қызметкерлерінің бір-бірімен, жеке тұлғалармен қашықтан өзара іс-қимылын, сондай-ақ олардың жасаған іс-әрекеттерін құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы медициналық қызмет көрсету көлемін өсіруге мүмкіндік береді – дейді министр.

Ауыл медицинасы және МӘМС

Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын – деген болатын Тоқаев Жолдауда.

Жолдау және ауыл медицинасы
tolqyn.kz

Ал министрлік 3 жылдың ішінде ауылдық денсаулық сақтауды қаржыландыру 2 231,5 млрд теңге болғанын айтып отыр. Одан бөлек 2023-2025 жылдарға шамамен 2 646,9 млрд теңге бөлу жоспарланған.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша МӘМС жүйесіне шамамен 6 млн ауыл тұрғыны тіркелген, бұл жалпы ауылдықтардың 79%. Демек, әлі күнге дейін 1,5 млн адам МӘМС-тен тыс қалды деген сөз. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асырудың арқасында медициналық қызметтерді қаржыландыру 2,1 есе ұлғайған. Оның ішінде:

- профилактикалық медициналық тексеру – 2 есе;

- консультациялық-диагностикалық қызмет – 1,5 есе;

- стационарлық көмек – 1,2 есе;

- жоғары технологиялық медициналық қызмет – 2,2 есе;

- медициналық оңалту–1,5 есе ұлғайған.

Сонымен қатар, қымбат КТ, МРТ және ПЭТ зерттеулерінің өсуі байқалады. Өткен кезеңдегі қарызын жоя отырып, 12 ай бұрын МӘМС жарнасын төлеу жолымен кірудің баламалы тәсілін енгізу, жарна төлеу сәтінен бастап, МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек көрсетуді қолжетімді етті. Осылайша, еліміздің сақтандырылмаған азаматтарының қызығушылығын тудырды – дейді министр. 

Ауылдағы медицина және Ұлттық жоба

Министрлік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленіп жатқанын айтты.

Жолдау және ауыл медицинасы
ашық дереккөз

Жоба екі міндетті қамтиды. Бірінші - жетіспейтін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын: медициналық пункттерді, ФАП-тарды, дәрігерлік амбулаторияларды салу арқылы барлық елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – дейді Ажар Ғиният.

Оның сөзіне қарағанда, бұл ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға және пациентке - қашықтықтан көрсетілетін қызметтерге, созылмалы науқастарды сауықтыруға, қалпына келтіруге және медициналық оңалтуға, оның ішінде үйде қарап-тексеруге бағдарланған жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Екінші - заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған негізгі 5 орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Бұл ауыл тұрғындарына дер кезінде шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді жоғарлатуға мүмкіндік береді – дейді министр.

Мемлекет басшысы еліміз бойынша 650-ден астам елді мекенде емдеу орны мүлде жоқ екенін айтқан болатын. Министрлік бұл мәселенің де түйінін шешіп, түйткілін тарқатуды қолға алыпты. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салуға дайындық басталып кеткен. Оның 253-і - медициналық пункт, 160-ы – дәрігерлік амбулатория, 242-сі - фельдшерлік-акушерлік пункт болады деп жоспарланып отыр

Қазіргі таңда жоба-жоспары дайындалып, жер учаскелерін таңдау жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмалары, денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстары министрлік тарапынан қолға алынып, іске аса бастағанын байқадық. Іс нәтижелі болсын деп тілейміз.

Өзгелердің жаңалығы