Қазақстанда жол инфрақұрылымын жақсарту және транзиттік әлеуетті арттыру бағытында бірқатар жұмыс қолға алынады. Мемлекет басшысы келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін жаңғыртуды аяқтап, республикалық және жергілікті жолдардың сапалы салынуын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет. Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек, - деп атап өтті Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жүк тасымалдайтын кәсіпкерлерге жәрдемдесуге шақырды.
Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет.Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады. Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру. Келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы реконструкциялауды аяқтау қажет. Жақын уақытқа дейін бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілмеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар ол алда тұрған өзекті міндетті атады.
Еске саламын: сапалы жолдар мен заманауи жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистикалық хабы мәртебесіне үміткер бола алмайды. Мәселенің маңызы осында. Оны қалай болғанда да шешу қажет. Егер шекара бірнеше шақырымға созылатын көлік кептелісін тудыратын «тар өткелге» айналса, ал дәл қазір жағдай осындай болса, онда Қазақстанның көшбасшылық туралы сөз қозғауы да мүмкін емес, - деді Мемлекет башысы.
Сондай-ақ ол біздің аумағымыз арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі әуе дәліздері өтетінін еске салды.
Бұл – әзірге тек әдемі презентацияларда ғана айтылып жүрген орасан зор бәсекелестік артықшылық. Осы артықшылықты іс жүзінде пайдалану үшін құрлықтағы дамыған сервистік инфрақұрылымды қалыптастыру қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ал әзірге орасан зор табыс еліміздің жанынан өтіп, басқа жаққа кетіп жатыр, - деп атап өтті Президент.
Сонымен қоса Президенттің айтуынша, «Air Cargo» жеке компаниясына үлкен үміт артылып отыр.
Оның қаржыландыру мүмкіндігі мол, соның ішінде шетелден жетекші мамандарды тартып, олардың еңбекақысын төлеуге де әлеуеті жетеді. Компания өз бетінше шешім қабылдай алады. Алайда әзірге нақты шешім де, нәтиже де жоқ. Сіздерге сенім артылды, енді нақты нәтиже күтеміз, - деп нақтылады Мемлекет басшысы.
Президент алда республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолдарын сапалы салу мәселесі тұрғанын да айтты.
Алдымызда өте өзекті міндет тұр – республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолдарын сапалы салу. Орталықтағы және жергілікті атқарушы органдар түрлі ережелер мен регламенттерді алға тартып, бұл мәселені бір-біріне сілтеп, нағыз «футболға» айналдырды. Сөйтіп, мәселені шешудің орнына, оны тұйыққа тіреп, әбден тұралатып қойды. Сондықтан мынадай тапсырма беремін: республикалық маңызы бар жолдар болсын, жергілікті жолдар болсын – барлығына Көлік министрлігі атынан Үкімет жауапты болуы керек. Республикалық жолдар барлық жолдың шамамен 26 пайызын құрайды, ал жергілікті жолдар әкімдіктердің қарамағында. Қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар қажет. Битумның немесе қиыршықтастың сапасын сылтау етуге жол берілмейді, - деді Президент.