Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиын барысында жол-жөндеу жұмыстары маусымының басталуына дайындық, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуына қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыста өңір басшысы 14-17 сәуір аралығында қатты желдің салдарынан электр желілерінің апаттық ажыратылуы орын алған облыстың елді мекендеріндегі қалпына келтіру жұмыстарының ағымдағы жағдайына тоқталды. Бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды. Бүгінгі күні электр қуаты толығымен қалпына келтіріледі деп күтілуде.
Биылғы жылы өңірде 800 шақырым автожолдарды жөндеу және салу жоспарлануда. Барлығы 96 мың тонна битум қажет, қазір қоймаларда 13,6 мың тоннасы бар.
Битумның қажетті көлемін жеткізу көздерін дәл анықтау қажет. Құрылыс маусымында материал тапшылығына жол берілмеуі тиіс. Облыс орталығында жұмыстарды шұғыл арада бастау керек. Жолдардың жай-күйі азаматтардың ашуын туғызуда. Облыс орталығындағы жағдайды шешу үшін нақты шаралар қабылдап, материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын қатаң бақылау қажет. Нормалар мен стандарттарды сақтамаған орындаушылар жауап береді, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Мердігерлік ұйымдар 2022 жылы жіберген барлық кемшіліктерді жойып, шұңқырларды бітеу мақсатында жолдарда ағымдағы жөндеуді жеделдету тапсырылды.
2023 жылы Ақтөбеде жолдарды жөндеу және салу бойынша 29 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 16-сы – жаңа, 13-і – өткен жылдың ауыспалы жобалары. Мәселен, Ә.Молдағұлова даңғылы, Есет батыр және Сәтбаев көшелеріндегі жолдарды жөндеу, Тәуелсіздік көшесіндегі жолдарды қайта жаңарту және т.б. жобалар жалғасын табады.
Отырыс барысында облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Ағымдағы аптада аудандарға үлкен ақпараттық-түсіндіру тобы жол тартады, оның құрамына өңірдің барлық мемлекеттік органдарының өкілдері кіреді. Мақсат – жоба туралы ақпаратты әр үйге, әр отбасыға жеткізу.
Бүгінгі таңда жоба аясында жеңілдетілген несиелер алуға облыс тұрғындары 816 өтінім берген, оның 563-і мақұлданды.
Күн тәртібінен тыс Ақтөбе қаласын санитарлық тазарту және абаттандыру мәселесі қаралды. Қала басшылығына қоқысты шығару мәселесін қысқа мерзімде шешу, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың іргелес жатқан және өздеріне тиесілі аумақтарды тазалауын бақылауды күшейту тапсырылды. Тазалықты бұзғандардың жауапкершілігі мүмкіндігінше қатаң болуы керек.