Шымкентте автобус жолаушыларына 2 млн теңгеден астам шығын келтірген қалта ұрысы ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тұран аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері ұрлықтың бірнеше дерегіне қатысы бар 39 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтады. Ер адам қоғамдық көліктерде жолаушылардың ұялы телефоны мен әмиянын ұрлаумен айналысқан.
Ол бір айда ондаған азаматтың қалтасына қол сұғып, 2 000 000 теңгеден астам шығын келтірген. Зардап шеккендердің бірінің айтуынша, шағын автобус ішінде жол ақысын төлеп жатқанда күдікті қалтасынан смартфонын суырып алып, ізін суытқан, - делінген ақпаратта.
Тағы бір арызданушының қалтасынан құжаттары мен қолма-қол ақшасы бар әмиянын алып, келесі аялдамадан түсіп қалған. Белгілі болғандай, ұсталған азамат бұған дейін бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеушілер оның қатысуымен жасалған ұрлық саны артуы мүмкін екенін айтады. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Бірнеше рет жасалған ұрлық) бойынша тергеліп жатыр.