Ұшақ жолаушылары анықтама алу үшін ПТР-диагностикадан өтеді

28 Сәуір 2020, 17:49
1542
Бөлісу:
Ұшақ жолаушылары анықтама алу үшін ПТР-диагностикадан өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев министрліктің Facebook-тегі парақшасында өткен тікелей эфир барысында айтты.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы қалалары арасында әуе рейстері ашылатыны айтылды. Осыған қатысты Арнұр Нұртаев ұшуға арналған анықтама алу үшін жолаушылар қандай тесттен өтуі керек деген сауалға жауап берді. 

Жолаушылар ПТР-диагностикадан өтуі қажет. Тестілеу орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді. Коронавирус инфекциясына тексерілу үшін азамат бізде бар зертханалардың біріне хабарласуы керек. Қазір ұлттық сараптама орталығының зертханасы, Алматы қаласындағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының зертханасы, "Medical Partners Korea" клиникасының зертханасы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, тағы екі ірі зертхана бар. Олар "Олимп" және "Invivo". Бұлар да осы жоба аясында ақылы қызмет көрсетеді. Тестілеу құны әр жерде әрқалай. Білуімше, бір зерттеу жұмысы 9-10 мың теңгеден 19 мың теңгеге дейін барады. Бұл жағын анықтау керек, - деді Арнұр Нұртаев.

Арнұр Нұртаевтың айтуынша, жолаушылар үшін анықтаманың жарамдылық мерзімі 7 күн.  Ал, экипаж мүшелеріне екі апта немесе одан көп болуы мүмкін.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры отандық вакцинаның толық дайындалып шығу үшін қанша уақыт қажет екенін айтты.






Өзгелердің жаңалығы