Жол сапасы қатаң қадағаланады – Айбол Бидайбеков

26 Мамыр 2020, 09:16
4782
Бөлісу:
Жол сапасы қатаң қадағаланады – Айбол Бидайбеков
Сұхбат PHOTO
Фото: дереккөз

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. "Жол азабын жүрген білер" дейді халық. Жол – халық үшін ең маңызды сала. Діттеген жеріңе тақтайдай түзу жолмен, уақытылы жеткенге не жетсін. Сондықтан да, күре жолдардың жағдайы халықты үнемі алаңдататын мәселелердің бірі.

Өткен жылы Қарағанды облысында республикалық маңызы бар және жергілікті деңгейдегі 1300 шақырым автожолға жөндеу жұмыстары жасалды. Ал биыл 1500 шақырымнан астам жол жаңартылады деп жоспарлануда. Күре жолдарды қалпына келтіруге жұмсалатын қаржы көлемі де ұлғайып, бөлінген сомма 176 млрд теңгеге жетті. Орташа және күрделі жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Алайда, қомақты қаржы құйылып, халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс күре жолдар бірер жылдан кейін қайыра тоз-тозы шығып, бұрынғы қалпына келіп жатады. Оған себеп неде? Жолдардың сапасына әсер ететін басты факторлар қандай? Аймақтағы жолдардың сапасы, жөнделуі мен жаңартылуы жайындағы басқа да сұрақтарға "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының" облыстық филиалының директоры Айбол Бидайбеков жауап берді.

 

Басты мақсат – жол құрылысының сапасын бақылау, қадағалау

Айбол Жасымұлы, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының" мақсат-міндеті қандай?

Біздің мекеме автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстарды қадағалайды, тексереді. Құрылыс материалдарының сапасын зертхана тұрғысында бағалап, сараптаймыз. Дәлірек айтқанда, жол саласындағы сапасыздық фактілерін азайтуға мұрындық боламыз. Орталықтың еліміз бойынша 17 филиалы бар. Қарағанды облыстық филиалының құрылғанына 1 жыл болды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін жоспарға сай таңдау арқылы жыл бойы тексерістер жүргіземіз. Себебі, жаңадан салынатын жол құрылыстарының, сонымен қатар, орташа және күрделі жөндеулердің әрқайсысының өзінің инженерлік тексеру қызметі бар. Елімізде қазіргі уақытта жаңа құрылыстарда тексеру бес сатылы деңгеймен жүзеге асырылады. Толығырақ тоқтала кетсем, бірінші – авторлық тексеріс. Мұнда мердігерлер өз зерханаларының көмегімен жолдың сапасын тексеріп, қадағалап отырады. Екінші – инженерлік қызметтің техникалық бақылауы. Олар күн сайын жол-құрылыс материалдарының сынамаларын алып, технологиялық ауытқуларды болдырмауды бақылайды. Одан кейін, тапсырыс беруші тексеріс жасайды. Соңында әр нысанға бекітілген біздің мекеменің инженерлері таңдау арқылы қадағалау, сараптау, сынама алу жұмыстарын жүргізеді. Жалпы алғанда "жақсы жолмен – жарқын өмірге!" деген ұранмен біршама жұмыстар жасап, үлкен дәрежеге жетуді мақсат тұтамыз.

жолбар2.jpg

Орталықтың Қарағанды облыстық филиалы бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар атқарды? Аймақтың күре жолдарына қанша сараптама жасалып, қанша олқылық анықталды?

Қарағанды облыстық филиалы өткен жылдың 23 мамырында құрылған. Құрылған күннен бастап жыл соңына дейін республикалық маңызы бар жолдарға 423 тексеріс жүргізілді. Тексеріс кезінде 317 жол құрылыс материалдарының сынамасы іріктеліп, сынақтан өткізілді. Нәтижесінде нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін 74 сынама анықталды. Сынақ хаттамаларына сай емес жол-құрылыс материалдарының үлгілері бойынша тиісті шаралар қабылдануы үшін тапсырыс берушілер мен мердігерлік ұйымдарға 29 хат және ұйғарым ұсынылды. Ал облыстық маңызы бар жолдарға 152 рет рейдке шығып, 573 сынама іріктелді, сынақтан өткізілді. Оның ішінде 43 сынаманың талапқа сай еместігі анықталып, тиісті орындарға 22 хат жіберілді. Ал, 2020 жылы республикалық маңыздағы жолдарға 699 жоспарлы тексеріс жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 240 рейд жүргізілді, 103 жолдың сынамасы алынды, сынақтан 21-і өткізілді. Нәтижесінде 4 сынаманың нормаға сәйкес келмейтіндігі анықталып, 56 ұйғарым мен хат берілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қарағанды облысы бойынша 143 млн. теңге көлеміндегі шартқа қол қойылды. Оның ішінде Қарағанды облысы жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасымен 50 млн, қалалық бөліммен 20 млн және аудандық жолдарды тексеруге 73 млн теңге көлеміндегі келісімшарт жасалды.

Айбол Жасымұлы, жолдың сапасы нормаға сай келмеуі себепті сотқа дейін жететін істердің ішінде мердігердің пайдасына шешілетін жағдайлар бола ма?

Өкінішке орай, мұндай жағдайлар да болып жатады. 2019 жылы облыстық жол басқармасының тікелей тапсырысымен Шет ауданының Ағадыр және Төменгі Қайрақты елдімекендерінде төселген асфальт қалыңдығының нормаға сәйкес келмейтіндігі жөнінде қорытынды шығарылып, тиісті органдарға тапсырылды. Соған қарамастан сот органдары істі мердігердің пайдасына шешу жайында шешім қабылдады.

Жолдардың жалпы сапасы мен жай-күйіне баға беру қалай жүзеге асырылады, қандай критерийлерге баса назар аударылады?

Жолдардың сапасы ең алдымен тапсырыс беруші мен мердігерлерге тікелей байланысты. Жол-құрылыс материалдары дер кезінде зертханалық тексерістен өтіп, дұрыс пайдаланылып, жолдың сынамалары уақытылы алынып, оның сапасының нормативтік талаптар сай екендігіне көз жеткеннен кейін ғана жолды пайдалануға рұқсат берілуі керек. Егер пайдаланылуға берілген жол өзінің белгіленген нормативтік уақытында жақсы жағдайда болса, бұл оның сапалы салынғандығын көрсетеді.

 

Қарағанды облысының жолдарында ауқымды жұмыстар жасалуда

 

Биылғы жылы облыс аумағындағы қандай бағыттардағы күре жолдар жөнделеді?

Облыс аумағынан өтетін республикалық және жергілікті маңызы бар көптеген жолдарда орта және күрделі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ең бастысы орталық пен оңтүстікті байланыстыратын «Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Алматы» тас жолы. Өздеріңіз білетіндей, бұл жерде 4 жолақты автобан салынып жатыр. Осы жолдың биыл Балқашқа дейінгі екі жолағын беру жоспарланған болатын. Алайда, төтенше жағдайға байланысты жолдың құрылысы кешеуілдеді. Көптеген мамандар құрылыс басына уақытылы келе алмауда. Осыған байланысты Үкімет басшысы А. Мамин арнайы келіп, құрылыс барысын қадағалады. Дегенменде маман жетіспеушілігі сияқты кедергілерге қарамастан, жұмыс жүріп жатыр.

Республикалық "Қызылорда – Павлодар", "Нұр-Сұлтан, Теміртау", "Қарағанды – Аякөз – Бұғаз" күре жолдарын орташа жөндеу жұмыстары басталып кетті. Біздің инженерлер сол жолдарға кезекті тексерістерге шығып, көптеген сынамалар алып, жолдың сапасын дер кезінде қадағалауда. Сонымен қатар, бұған дейінгі жылдары басталған жұмыстар да жалғасуда. Мысалы, "Жәйрем – Қаражал – Атасу" жолындағы орташа жөндеу кезінде қалып қойған жол бөліктері биыл толығымен жөнделеді. Сондай-ақ, Атасу елдімекені мен Қаражал қаласын байланыстыратын облыстық маңыздағы жолдың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жалпы алғанда облыс аймағындағы күре жолдарда көптеген ауқымды жұмыстар жасалып жатыр.

Айбол Жасымұлы, жол сапасын бақылайтын маман ретінде облыс аумағындағы жолдардың жағдайына қандай баға бересіз.

Облысымыздағы көптеген жолдар осыдан 20-30-40 жыл бұрын салынған. Көп жерлерде күрделі жөндеу жүргізілмеген, оларды орташа жөндеумен ұстап келеміз. Орта деңгейлі жөндеу жолдардың жалпы жағдайын қатты жақсарта алмайды. Дегенменде, соңғы жылдары облыстық маңыздағы жолдардың көпшілігі жөнделіп, жақсарғанын байқауға болады. Мысалы, Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласынын арасындағы «Ақ-ой – Жарық – Ақсу-аюлы – Ақтоғай – Балқаш» тас жолына бірнеше жыл бойы күрделі жөндеу жасалуда. Бұрын бұл жолдың беткі қабатында тек тас төселген болатын, енді асфальт салынып жатыр. Биыл жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жолдың сапасы да жақсы.

жолбар1.jpg

Жолдарды жөндеуге жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді, жұмыстар да жасалып жатыр. Бірақ жөнделген жолдар тез бұзылып, тоз-тозы шығып жатады. Себеп неде? Жолдардың бұзылуына қандай факторлар әсер етеді?

Автожол салуды жобалау мен оны салу кезінде және орташа немесе күрделі жөндеу жасалғанда мердігерлер тарапынан жіберілетін қателіктер мен технологиялық ауытқулар жол сапасына тікелей әсер етеді. Жолдың зертханадан өтпеген материалдармен салынуы да басты проблема. Ал енді кейінгі кезде жергілікті маңыздағы жолдардың жөндеуден кейін тез бұзылуына ауыр жүк көліктерінің артық салмақпен көп жүруі себеп болып отыр. Облысымыздың көптеген аймақтарында қазба байлықтарын игеретін алпауыт кен өндірістері орналасқан. Кәсіпорындар өздерінің жүктерін жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдармен тасиды. Осының кесірінен, яғни жүк көліктерінің шектен тыс салмақпен қатынауы салдарынан жолдарымыз тез бұзылып жатыр. Бұл мәселе бірнеше жыл қатарынан айтылып та, жазылып та келеді. Облыстық көлік инспекциясы да жұмыс істеп жатыр. Бірақ, олар жолдардың барлығын бір уақытта бақылауға ала алмайды. Осындай жағдайларға байланысты нәтиже мардымсыз.

 

Жолды сақтау қажет

Өңіріміздің қай аймағындағы күре жолдарға ерекше көңіл аудару қажет? Ауыр жүк көліктерінің салдарынан қандай бағыттағы жолдар бұзылуда?

Облысымыздың көптеген аймақтарында орналасқан тау кен өндірісінің ірі кәсіпорындары өзінің өнімдерін күре жолмен тасымалдайтыны белгілі. Министрлік бекіткен нормаға сәйкес көліктер бір білікке түсетін салмағы 13 тоннадан артық жүкпен халық пайдаланатын жолға шығуына болмайды. Алайда, бұл шектеуді ұстанатындар некен-саяқ десе де болады. Жүк көліктері 30-40 тонна салмақпен жолдарда қатынап жүр. Әрине бұл салмақты автожолдар көтере алмайды. Аймағымыздағы тау-кен кәсіпорындарында мыңдаған жүк көліктері бар. Мысалы, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылының Қырықжылдық елдімекенінде орналасқан "Алтайполиметал" карьерінің жұмыс істеп тұрғанына 10 жылдан асып кетті. Кен орнынын 300-ден астам камаздары "Аякөз - Бұғаз" жолымен 180-200 шақырым қашықтыққа 10 жыл бойы дамылсыз руда тасуда. Халық бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Күре жолда ауыр көліктердің жүруіне тыйым салынып, қадағалау күшейтілген еді. Бірақ, былтырдан бері кәсіпорынның камаздары халықтың көзіне түспеу үшін түнде жүруді шығарған. 2018-2019 жылдары осы "Қарағанды – Аякөз – Бұғаз" бағытындағы күре жолдың Қарқаралы мен Матақ ауылының, Матақ пен Егіндібұлақ елдімекенінің арасындағы бөліктеріне орта деңгейлі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, қазіргі уақытта аталған жолдың 60%-ға жуығы қайыра жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ, Қаражал мен Атасуды байланыстыратын жолдың асфальт жабындысының бұзылуына осы маңда үш жыл бұрын ашылған "Керегетас" кен орнының руда тиеген жүк көліктері себепкер болуда. Камаздардың салдарынан былтыр ғана салынған 60 шақырым жолдың Атасуға қарайғы 39 шақырымына зақым келген. Тағы бір айта кететін жайт. Шет ауданының Ақжал кентіндегі ресейлік "Нова-Цинк" компаниясы "Ақшатау – Ағадыр" тас жолы арқылы 25-40 тонналық үлкен көліктермен теміржол бойына өнімін тасиды. Соның кесірінен 91 шақырым жолдың жағдайы өте нашар. "Жезқазған - Есіл – Петропавловск" жолының Сәтбаевтан Ұлытауға шыға берісіндегі "Шайтантас" тас карьерінің көптеген жүк көліктері Жезқазғанға, Сәтбаевқа қиыршық тас тасиды. Бұл мәселе де күн тәртібінде тұр. Облысымыздың әр аймағында жүк көліктерінің салмақты шектен тыс асыруы салдарынан бұзылып жатқан жолдар көп.

жолбар3.jpg

Жүк көліктерінің күре жолда артық салмақпен жүрмеуін қалай қадағалауға болады? Оларға жасалған ескертулер, салынған айыппұлдар нәтиже бере ме?

Біздің облыс төртінші-бесінші климаттық аймаққа жатады. Министрлік бекіткен талапқа сәйкес күре жолдарда жүк көліктерінің бір білікке 13 тонннадан асатын салмақпен жүруіне тыйым салынған. Сонымен қатар, көктем және жаз айларында бірқатар шектеулер бар. Көктемде қар еріп, жерге су сіңіп, жол төсемі дымқылдың әсерінен жұмсарады. Осындай жолдың үстімен ауыр жүк тиеген көліктер жүруі жолдың бұзылуына әкелетіні сөзсіз. Жаз айларында күннің ыстығы да асфальттың құруына әсер етеді.

Қазіргі цифрлық дамудың артықшылықтарын жолдарды бақылау бағытында қолдануға болады деп ойлаймын. Көлік инспекциясы өндіріс орындарынан күн сайын жолға қанша ауыр көлік шығып, жүк қанша шақырымға жеткізілетіндігі, салмақтан қанша ауытқу болғандығы жайлы мәліметтерді алып отыруы қажет. Сонымен қатар, артық салмақпен жүк тасымалдағандарға салынатын айыппұл камаз иелеріне емес, корпорацияларға салынуы тиіс деп ойлаймын. Бұл жағдай осылайша қолға алынбаса оны ешкім тоқтата алмайды. Жол мәселесіне байланысты осындай нақты шешімдер қабылдануы қажет.

Жолдардың халыққа қызмет көрсету уақытын ұзарту үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?

Ең бастысы жол-құрылыс материалдарының сапасы жақсы болуы керек. Екіншіден, жолды дұрыс жобалау да маңызды. Мердігерлердің технологиялық ауытқулар жібермеуін бақылау да басты міндет. Егер осы аталған жұмыстар уақытылы атқарылып, құрылыс барысы дұрыс қадағаланса, кемшіліктер анықталған жағдайда дер кезінде тиісті шаралар қолданылса, жолдың қызмет көрсету уақыты ұзағырақ болатыны сөзсіз. Аймағымыздағы жолдардың сапасы да жылдан жылға жақсара түсер еді.

Сұқбатыңызға рақмет!

 


Өзгелердің жаңалығы