Жол қауіпсіздігі ережесін бір аптада қанша адам бұзды?

24 Мамыр 2021, 11:37
2024
Бөлісу:
Жол қауіпсіздігі ережесін бір аптада қанша адам бұзды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз министрліктің Youtube арнасында тікелей эфирде өткен брифингте бір апта ішінде болған жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері туралы айтты.

Жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу үшін 17 мамырдан бастап елімізде «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Шара барысында қозғалыс қауіпсіздігі үшін автожолдардың авариялық-қауіпті учаскелері мен жөндеу жұмыстары орындары да қосымша тексеріледі. Патрульдік полицияның мақсаты – жол көлік оқиғаларының негізгі себептерінің алдын алу, - деді ол.

Ораздың сөзінше, жылдамдық режимін бұзу, басып озу, маневр жасау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, мас күйінде көлікті басқару және тағы басқа құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы жұмыстар күшейтілді.

Жол қозғалысын қадағалау кезінде бір апта ішінде 49 мыңға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолы кесілді. Оның ішінде көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған 841 жүргізуші анықталды. Полиция жылдамдықты асырғаны үшін 7 мыңнан астам жүргізушіні, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 300-ден астам, авариялық жағдай жасағаны үшін 600-ден астам және бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткені үшін 1 143 жүргізушіні жауапқа тартты, - деп түсіндірді ІІМ ресми өкілі.

Нұрділда Ораз баяндағандай, қоғамдық жолаушылар көлігі жүргізушілері жол берген 776 ереже бұзушылық анықталды. оның 687 заңсыз қайта жабдықтау фактісі болса, 56 ереже бұзушылық рейс алдындағы техникалық тексеруден өтпегені бойынша тіркелді.

Автожолдардың 7 мың шақырымнан астам апатты-қауіпті учаскелері тексерілді. Сондай-ақ 1 197 жол белгілері қойылды.

Өзгелердің жаңалығы