Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 18 сәуірде Астана маңында болған жол апатына түскен жас футболшылардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әкімдіктің мәліметінше, балалар Ерейментау аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген.
Бір бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Оны облыстық нейрохирург қарап, симптоматикалық емдеу ұсынылған. Тағы алты бала жеңіл және орташа жарақаттармен хирургия бөлімінде болған. Тоғыз бала жарақат алмаған, олар аурухананың стационарына уақытша орналастырылды. Қазіргі таңда 15 баланы ата-аналары Павлодарға алып кеткен, - делінген хабарламада.
Апат орнында футбол командасының бапкері Әлібек Жүсіпов (1990 ж.т.) қаза тапқан. Куәгерлердің айтуынша, ол шағын автобустың ішінде қысылып қалған.
Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, қайтыс болған жаттықтырушы балаларды жеке меншік автобуспен жарысқа алып бара жатқан.
Алайда жеке спорт мектебінің басшылығы балалардың сапарға шығатыны туралы жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаментіне ескертпеген, сондықтан патрульдік сүйемелдеу ұйымдастырылмаған.
Балалар Астанаға футбол жарысына жеке тасымалдаушымен шыққан. Ата-аналар ортақ WhatsApp чаты арқылы келісімдерін берген.
Оқиға орнына облыстық спорт басқармасының жетекшісі мен құқық қорғау органдарының өкілдері барды.
Әкімдік өкілдері барлық балаларды Павлодарға жеткізу үшін арнайы көлік ұйымдастырылғанын, алайда ата-аналар балаларын өздері алып кетуге шешім қабылдағанын айтты.
Еске сала кетсек, шағын автобус 18 сәуір күні жол апатына ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жүк көлігін басып озуға тырысқан кезде көлік аударылып кеткен.